Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Әмина Шайдуллина Каспий теңізінің проблемаларын зерттеу институтын құру идеясын ұсынды. Ол мұндай ұсынысты 11-сынып оқушысы «Туған елге тағзым» онлайн тарихи-өлкетану зерттеушілік байқауында жоба қорғау барысында айтты. Бұл туралы МаңғыстауМедиа хабарлады.
Оқушының айтуынша, жасөспірімдерден құралған институт теңіздің экологиялық проблемаларын шешуге атсалысады. Жас зияткер күн санап саны азайып бара жатқан Каспий итбалықтарының популяциясын сақтап қалуға кері әсерін тигізіп отқан бірнеше факторларды атады. Сондай-ақ, түйткілді мәселені шешудің бірнеше жолдарын ұсынып, білім ордасының оқушылары атқарып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Әмина ШАЙДУЛЛИНА, Ақтау қаласындағы НЗМ оқушысы
Каспий теңізі проблемаларын зерттейтін ғылыми институт бар екедігін білеміз. Бірақ ол жерде көбінесе ғылыми қызметкерлер мен жауапкершілігі үлкен зерттеулер жүргізіледі. Бір жағынан, санаулы институттардың Каспийдің мәселесіне тұрғындардың, соның ішінде жастардың назарын аударту қиын. Сол себепті, біз ерікті оқушылар негізінде Маңғыстау облысында оқушылар мен студенттерден құрылған кіші зерттеу институтын құруды ұсынамыз. Бұл жастарды туған өлке табиғатын аялауға шақырады деген ойдамын.
Оқушының сөзіне сүйенсек, зияткерлер қызыл кітапқа енген сүтқоректілерге миграциясын анықтау мақсатында микрочип орнату үшін бірнеше рет қайырымдылық жәрмеңкелерін өткізген. Сонымен қатар, Каспий жағалауын тазалау мақсатында тұрақты түрде сенбілік өткізеді.
Әмина ШАЙДУЛЛИНА, Ақтау қаласындағы НЗМ оқушысы
Зияткерлік мектептің оқушылары үнемі теңіз жағалауына сенбілік жүргізеді. Әрбір тазалық барысында кемі 40 қап қоқыс жинаймыз. Бұл облыс тұрғындарының теңіз экологиясына селқос қарайтындығын көрсетеді. Сондықтан жетекшім Айгүл Кожакова ұсынған институт құрылған жағдайда ең алдымен халықты тазалыққа шақыру жұмыстарын ұйымдастырамыз. Сондай-ақ итбалық популяциясын арттыру мақсатында балықшылармен де тұрақты жұмыс ұйымдастыру ойда бар.
Осы мақсатта ол Маңғыстау облысындағы экология тақырыбына қызығатын жастарды зерттеу институтының мүшесі болуға шақырып, институттың атқаратын жұмыстарымен таныстырды.
Кешеден бастап Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы аясында шығармашылық жұмыстар мен жобалардың желілік байқауы өтіп жатыр. Алғаш рет қашықтан өтіп жатқан дәстүрлі экспедиция биыл қатысушылардың рекордтық санын жинады. Мектепішілік кезеңге 1 100 зерттеу және шығармашылық жұмыстар дайындалып, 200-ге жуық үздік жоба беделді әділ қазылар алқасына ұсынылады. Байқаудың желілік деңгейіне 10 оқушы қатысып жатыр. Байқау желтоқсанның 10-ына дейін жалғасады.