Сәбиді тоңазытқышта өлтірді деп айыпталған бас дәрігерге қатысты істе жаңа дерек пайда болды. Айыпталушы Қуаныш Нысанбаевтың қорғаушысы сараптамаға жіберілген шақалақтың денесі басқа нәрестемен ауысып кету мүмкін дегенді жеткізді.
Адвокаттың айтуынша, Қарағандыға сараптама үшін жіберілген 3 материал Тұрымбетова, Айтмұратова және Молдағалиевалардың нәрестелері болған. Сондай-ақ, ол осы істе 652-нші материал жоқ екенін айтты. Негізі, ол Тұрымбетованың шақалағына байланысты қорытынды шыққан кезде дайын болуы тиіс. Бұл жерде зерттеу нысанының нөмірі мен қорытындының сәйкес келуі де маңызды.
Қорғаушы келтірген дәлелдерді айыпталушы Қуаныш Нысанбаев тағы бір күдікті жайттармен толықтырды.
Қуаныш НЫСАНБАЕВ, айыпталушы
19 қарашада Қарағанды облысының эксперттері келген кезде видео жазылды. Бірақ кейін кетіріп тастаған. Сол видеоматериал 9:27-де жазылған, ал зерттеуді 12:30-да жүргізді. Эксперт Канның сараптама кезінде 9:58 деп жаз деген сөзі видеоға жазылып қалған. Бірақ өздері 12-лерде қимылдап жатыр. Бәрі анық естіліп тұр. Осының өзі күмән тудырады.
Кезекті сот отырысына аудиожазбаларға сараптама жасаған филология ғылымдарының кандидаты қатыстырылды. Алайда айыпталушы мен қорғаушы қылмысқа қатысты артық ақпарат беріліп қояды деп күдіктенді ме, сарапшының өзін сұрақтың астына алып, жақ аштырмауға тырысты.