Індет келгелі бері қорғаныш құралдарының жеткіліксіздігі айқын білінді. Бұл мұқтаждықтың бетін қайтаруға жергілікті зауыттардың бірі бел буған. Осыған дейін бір реттік шприц өндіріп келген цех енді медициналық бетперде шығармақ.
Тауарды нарыққа жіберу үшін құжаттаманы үйлестіру ғана қалды. Өндірістің жылдық қуаты 25 миллион дананы құрайды. Дегенмен кәсіп иелері «мұнымен тынбаймыз» дейді.
Нұролла ЖАНТУМИН, мекеме қызметкері
Қазіргі таңда 2 жолақ жұмыс істеп жатыр. Жақын арада үшіншісі іске қосылады. Ал төртінші жолақ көршілес Ресейден келе жатыр. Біздің айлық өндірісіміз – 1 миллион 800 мың дана. Егер болашақта сұраныс болса өндірістік қуатты күшейтіп, кез келген сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар.
Сұранысқа ие тауардың сапасы да маңызды. Бұл бетперде қабатталып тігіледі. Кейін ашық орын қалмас үшін төбесіне иілгіш пластмасса орнатылып, соңында бауы қондырылады. Дегенмен шаруа мұнымен бітпейді. Дайын өнім тұтынушыларға түгелдей тексерістен өткен соң ғана ұсынылады. Мұндағы қызметкерлердің қай-қайсысы да өз ісіне асқан ыждағаттылықпен қарауы тиіс.
Риза ЖАЛМУРЗИНА, ауысым басшысы
Қыздар бұл жерде бетперденің сапасын тексереді. Дұрыс тігілуін, құлақтарының үзілмеуін тексеріп, қаптамаға 50 данадан топтап, қорапқа 2 000-ын салады. Біз халық үшін дұрыс, сапасы жоғары бетперделерді іріктейміз.
Жергілікті өндіріс орнының қазіргі қажеттілікті дөп басып іс қылуы құба-құп. Дегенмен пандемияның нарықтағы сұранысқа өзгеріс енгізгені кәсіпкерлердің біріне олжа, біріне сынақ болғаны айдан анық.