Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бес оқушысы халықаралық «MINIBOSS» бизнес-мектебінің білім грантына ие болды. 1 жыл тегін білім алатын дарынды балалардың төл жобасын жасауға және олардың еңбегін нарыққа шығаруға Қазақстан мен Ұлыбританияның бизнесте жүрген жетекші мамандары қолдау көрсетпек.
Лилиана ХЕГАЙ, бизнес-мектептің директоры
Соңғы үш жыл бойы «MINIBOSS» Қазақстандағы жастардың кәсіпкерлік әлеуетін арттыруда. Ал Атырауда биыл жұмысын бастаған орталық өңірдегі жас өнертапшықтардың бастамаларын қолдауға ниетті. Алғашқыларының қатарында Назарбаев Зияткерлік мектебінің бес оқушысы бар. Олар мектепшілік конкурстарда көзге түскен және әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балалар.
Көп жағдайда дарынды балалардың тырнақалды бастамалары қаржылық қолдаудың тапшылығынан аяқсыз қалады. Ал «MINIBOSS» бизнес-мектебі оқушылардың өз идеясын толық іске асыруға және жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуды көздеп отыр. Оқу орны Еуропалық Бизнесті Дамыту Қауымдастығымен қаржыландырылады. Қазіргі таңда зияткерлік мектептің бес оқушысына 7 500 еуро көлеміндегі білім гранты бөлінді. Оқушылар теориялық білімді түрлі ойындар және тәжірибелер негізінде меңгереді. Кейін өздерінің жасап шығарған жобасын инвесторлар алдында қорғайды. Ұсынған идея сәтті болса атыраулық оқушылардың ұлттық чемпионатта өнер көрсетуі және жобаны әрі қарай қаржыландыру жолы қарастырылатыны белгілі болды.