CaspianLife, 27 қараша. Құрылтай депутаты Мақсұт Насибулов Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, импорттауға және сатуға толық тыйым салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Осыған байланысты ол Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, жастар арасында кеңінен танымал энергетикалық сусындардың сатылымы қарқынды өсіп келеді. Сонымен қатар олардың адам денсаулығына зияны туралы деректер де жиілеген.
Парламент мүшесі энергетикалық сусындарды зиянсыз кәдімгі сусындармен теңестіруге болмайтынын атап өтті.
«Сондықтан энергетикалық сусындарға жай ғана жеміс шырыны немесе компот ретінде қарауға болмайды. Ал кофеинге қанттың жоғары мөлшері мен басқа да ынталандырушы компоненттерді қоссаңыз, баяу әсер ететін бомба пайда болады», – деді Мақсұт Насибулов.
Депутат сөзін медициналық тәжірибеден алынған мысалдармен дәлелдеді.
«Өткен жылы Павлодарда күніне төрт банка энергетикалық сусын ішкен 20 жастағы жігіт ауыр жүрек жеткіліксіздігімен ауруханаға түсті. Оған токсикалық кардиомиопатия диагнозы қойылды. Алматыда 34 жастағы науқасқа жүрек трансплантациясы жасалды. БАҚ мәліметінше, ол күніне 8-10 банка энергетикалық сусын ішкен», – деді депутат.
Қазақстанда қазірдің өзінде 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынған. Биыл бұл өнімдерге акциз салығы да енгізілді. Соған қарамастан, сатылым көлемі азаймай отыр.
Салалық қауымдастықтың мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда 215 миллион литр энергетикалық сусын сатылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 355 миллион литрге жеткен. Яғни сатылым көлемі 65 пайызға өскен.
Депутат сусындардың құрамын тексеріп, олардың адам денсаулығына әсерін ғылыми тұрғыдан зерттеу қажет деп санайды.
«Жарнамаға шектеу қою мәселесін де қарастыру керек. Қажет болған жағдайда Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, импорттауға және сатуға толық тыйым салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», – деді Мақсұт Насибулов.
Сондай-ақ ол Үкіметтен жас шектеуінің сақталуын бақылауды және энергетикалық сусындардың адам ағзасына әсеріне сараптама жүргізуді талап етті.
«Ұлт денсаулығы энергетикалық сусын өндірушілерінің табыс көзіне айналмауы тиіс», – деп түйіндеді депутат.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана

