CaspianLife, 26 қараша. Атырау қалалық полиция басқармасының бұрынғы басшысы төрт бірдей бағынышты қызметкерімен бірге сотқа тартылды.
Атырау қалалық полиция басқармасының бірқатар бұрынғы қызметкеріне қатысты қылмыстық іс сотқа жетті. Айыпталушылар қатарында басқарманың бұрынғы басшысы Бақытбек Исаев, оның орынбасары Қадірбек Әбішев, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Ерлан Ғабитов, азаматтық қорғаныс және тылдық қамтамасыз ету бөлімінің бұрынғы старшинасы Сұлтан Ғилажев және осы бөлімнің технигі Алтынбек Шыныбекұлы бар. Сонымен қатар, есірткі таратты деген күдікке ілінген екі әйел де осы іс бойынша жауапқа тартылып жатыр.
Бұрынғы полицейлерге Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған. Атап айтқанда, қызмет бабын пайдаланып алаяқтық жасау, ірі мөлшерде пара беруге айдап салу, ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік, билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану, есірткі және психотроптық заттарды заңсыз өткізу, аса ірі мөлшерде мүлікті иемдену, сондай-ақ пара беруге оқталу деректері бар.
Істі судья Зарема Хамидуллина қарауда. Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Жарас Омаров айыптау актісін жариялады.
Оған сәйкес, оқиға Ғабитовтың Ғилажевтің есірткі қолданатыны және оны басқа адамдарға сататыны туралы хабарлауынан басталған.
«Ғабитов Ғилажевтің есірткі заттарын қолданатынын және басқа адамдарға өткізетінін хабарлаған. Осыдан кейін оның кабинетінен тәркіленген есірткі заттарын Исаевтың кабинетіне қалдырған. Ал Исаев қалыптасқан жағдайды жеке бас пайдасына жаратып, Ғилажевтің құқықтық тұрғыдан осал жағдайын пайдалана отырып, қызметтік өкілеттігін асыра қолданып, алаяқтық жасаған және ақша бопсалаған», – деп оқыды прокурор.
Альбина ІЗҒАЛИЕВА, Атырау.

