CaspianLife, 26 қараша. Аудандық ауруханада түсірілген рентген, КТ және МРТ нәтижелерін Астана мен Алматы мамандары қашықтан қарай алады.
Құрылтай депутаттары денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа сәйкес, аудандық ауруханаларда түсірілген рентген, КТ және МРТ нәтижелерін Астана мен Алматыдағы республикалық орталықтардың мамандары қашықтан зерттей алады. Осылайша, науқастар бір тексеруден қайта өтуге мәжбүр болмайды әрі уақыт үнемдейді.
Ол үшін денсаулық сақтаудың электрондық платформасының жұмыс тәртібін нақтылау жоспарланып отыр. Медициналық суреттер мен қорытындылар бірыңғай жүйеде сақталады. Дәрігерлер оларды өзара алмасып, бір-бірімен кеңесе алады. Сонымен қатар азаматтардың медициналық деректерін қорғау талаптары күшейтіледі.
Заң жобасы медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттырудан бастап, медициналық туризмді дамытуға дейінгі алты негізгі бағытты қамтиды. Қазақстанда медициналық туризмді заңнамалық тұрғыда реттеу көзделген. Қазір елге жыл сайын емделу үшін шамамен 80 мың шетелдік келеді. Оларды тарту мақсатында медициналық туристерді есепке алатын бірыңғай жүйе мен ақпараттық платформа құрылып, арнайы үйлестіруші орган жұмыс істейді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, бұл ретте Қазақстан азаматтарының мүддесі басымдыққа ие болады. Денсаулық сақтау вице-министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, отандық азаматтар үшін аурухана төсектері мен медициналық қызметтердің қолжетімділігі сақталады.
Ал шетелдік пациенттер жайлылығы жоғары палата секілді қосымша қызметтер үшін бөлек ақы төлей алады. Түскен қаражат медициналық ұйымның өзінде қалып, оның дамуына және қызметкерлерді ынталандыруға жұмсалады. Сондай-ақ медицина қызметкерлері сервистік қызмет көрсету бойынша оқытылады. Қазір еліміздегі 10 медициналық ұйым америкалық «Алтын стандарт» аккредитациясынан өткен.
Заң жобасының тағы бір бағыты медициналық жабдықтарға қатысты. Енді олардың қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын талаптар күшейтіледі. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі медициналық техниканың 60 пайызы тозған.
«Біз қандай медициналық технологияларды сатып алу керегін, қай жерде жөндеу жұмыстары қажет екенін және оған қанша қаражат бөлінуі тиіс екенін айқындаймыз. Қазір жаңартылған медициналық жабдықтармен қамту деңгейі 85 пайызды құрайды, ал жабдықтардың 60 пайызы тозған. Жыл сайын жағдай жақсарып келеді», – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Келесі жылы елімізде шамамен 70 жаңа медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Олардың қатарында перзентханалар, перинаталдық орталықтар, балалар клиникалары, онкологиялық орталықтар мен аудандық ауруханалар бар.
Бұдан бөлек, заң жобасында мектептер мен балабақшаларда медициналық көмек көрсетудің бірыңғай тәртібін енгізу, медициналық ұйымдарды аккредиттеу және пациенттердің құқықтарын қорғау мәселелері де қамтылған.
Енді құжат екінші оқылымда қаралады.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана

