CaspianLife, 26 қараша. Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы еңбек нарығына жүргізген тексеру барысында заңбұзушылықтар мен бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау деректерін анықтады. Қаржылық заңбұзушылықтардың жалпы көлемі 471 млн теңгені, ал тиімсіз жоспарлау көлемі 519 млн теңгені құраған. Сонымен қатар аудиторлар 476 рәсімдік заңбұзушылық пен 91 жүйелі кемшілікті анықтады.
Тексеру 2023 жылдан бастап 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына дейінгі кезеңді қамтыды. Жоғары аудиторлық палата елдегі жалпы жағдайды тұрақты деп бағалады. 2023–2025 жылдары жұмыспен қамтылғандар саны шамамен 239 мың адамға артқан. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,7%-дан 4,6%-ға төмендеген.
Соған қарамастан, аудиторлар бірқатар күрделі мәселеге назар аударды. Атап айтқанда, жұмыспен қамту сапасы, мамандарға деген сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерім және саланы мемлекеттік реттеу жүйесінде кемшіліктер бар.
Қолданыстағы кейбір нормалар мен жоспарланған шаралар нақты көрсеткіштермен үйлеспейді. Билік 2029 жылға қарай сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 миллионға жеткізуді көздеп отыр. Алайда қазіргі тетіктер республикалық және өңірлік мемлекеттік органдардың өзара тиімді байланысын қамтамасыз ете алмай отыр.
Тексеру нәтижесіне сәйкес, Еңбек министрлігі қойылған міндеттердің орындалуына тиісті бақылау орнатпаған. Соның салдарынан кейбір іс-шаралар есептерде орындалды деп көрсетілгенімен, олардың нақты нәтижесі расталмаған.
Кадрларға деген қажеттілікті болжау және әлеуметтік осал топтағы азаматтарды жұмыспен қамту бағыттарында да кемшіліктер анықталған.
Аудиторлар еңбек көші-қоны мәселесіне де жеке тоқталды. Мемлекеттік органдар көші-қон ағындарын нақты есепке алмайды және азаматтар мен қандастарды ерікті түрде қоныстандыру бағдарламаларының тиімділігін жеткілікті бағаламайды.
Атап айтқанда, қоныс аударған азаматтардың жұмысқа орналасқаны, қабылдаушы өңірлерде тұрақтап қалғаны және өз мамандығы бойынша еңбек етіп жүргені толық бақылауға алынбаған.

