CaspianLife, 25 қараша. Мен, Бибігүл Избасова, 1981 жылы Атырау қаласында дүниеге келдім. Алматы технологиялық университетін «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» мамандығы бойынша тәмамдадым.
Кәсіпкерлікпен 2000 жылдан бері айналысып келемін. «Асыл-Ана» ЖШС-нің және «Избасова» жеке кәсіпкерлігінің басшысымын. 2023 жылы «Асыл-Ана» наубайханасын іске қосып, нан-тоқаш өнімдері мен жартылай фабрикаттар өндірісін дамыттым. Бүгінде кәсіпорындарымда 320 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар Атыраудағы 14 мектептің 4 мыңнан астам оқушысын ыстық тамақпен қамтамасыз етеміз.
2025 жылы «Асыл-Ана» наубайханасы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының өңірлік кезеңінде «Үздік азық-түлік өнімі» номинациясын жеңіп алды. Шағын және орта бизнесті дамытуға қосқан үлесім үшін «Еңбек сіңіргені үшін» медалімен марапатталдым.
Қайырымдылықты азаматтық жауапкершілігімнің маңызды бөлігі деп санаймын. Соңғы үш жылда бұл мақсатқа 30 миллион теңгеден астам қаражат бағыттап, екі отбасын баспанамен қамтамасыз еттім және студенттердің оқуына қаржылай қолдау көрсеттім.
Бүгінде Атырау қалалық мәслихатының депутаттығына №8 бірмандаттық сайлау округі бойынша кандидатпын.
Қадірлі Атырау қаласының және №8 сайлау округінің тұрғындары!
«Ауыл» партиясы халықтың мүддесін қорғау мен қордаланған мәселелерді шешуді басты міндет санайды. Партия Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» қағидаттарын және «Қуатты өңірлер – қуатты орталық» тұжырымдамасын қолдайды.
Партияның сайлауалды бағдарламасындағы жеті басым бағытты басшылыққа ала отырып, өндірістік, кәсіпкерлік және өмірлік тәжірибем негізінде өз бағдарламамды ұсынамын.
1. Әділетті мемлекет – өркендеген қоғам. Қала мен округтегі инфрақұрылымдық жобалар, жол құрылысы және коммуналдық жұмыстардың сапасына қоғамдық бақылауды күшейту. Тұрғындарға құқықтық, әлеуметтік және әкімшілік көмек көрсететін «Ауыл көмегі» консультациялық орталығын ашуға бастамашы болу. Жергілікті өзін-өзі басқаруға тұрғындардың қатысуын арттыру.
2. Азық-түлік қауіпсіздігі және қолжетімді баға.Жергілікті өндірушілерді, наубайхана мен қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдау. Сапалы азық-түлікті қолжетімді бағамен сататын сауда нүктелерін көбейту және ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей өндірушіден жеткізу жүйесін дамыту.
3. Сенімді инфрақұрылым. Тозығы жеткен кәріз сорғы станциялары мен желілерін жаңғырту, жеке секторды орталық кәріз жүйесіне қосу. Тәулігіне 60 мың м³ су өндіретін №6 сүзгі станциясын салуға және Талғайраң ауылының 62 гектар аумағына инженерлік инфрақұрылым тартуға ықпал ету. Атырау-Астрахань және Атырау-Доссор бағыттарындағы жолдарды, округ ішіндегі көшелерді жөндеуді қолдау. Қала маңындағы елді мекендерді 4G интернетпен қамту.
4. Әділетті әлеуметтік саясат. Тұрғындарды сапалы ауыз су және газбен қамтамасыз ету, коммуналдық тарифтердің негізсіз өсуіне қоғамдық бақылау орнату. Аулаларды абаттандыру, тұрғын үйлерді жөндеу, жас мамандар мен әлеуметтік санаттағы отбасыларға қолжетімді баспана бағдарламаларын ілгерілету. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру.
5. Білім мен ғылым. Үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін жаңа «Жайлы мектептер» мен жапсаржайлар салу арқылы шешуге атсалысу. Оқушылардың сапалы әрі қауіпсіз ыстық тамақпен қамтылуын бақылау. Балабақша тапшылығын азайту.
6. Отбасы саясаты және жастарды қолдау.Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, қыз-келіншектердің бизнес дағдыларын жетілдіруге қолдау көрсету. «Ауылдағы алғашқы жұмыс орны» жобасын дамыту, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, жастарға лайықты еңбек жағдайын жасау. Аулаларда спорт және ойын алаңдарын көбейту.
7. Экология – тұрақты даму кепілі. Жайық-Каспий каналының түбін тереңдету жұмысын жеделдетуге, өзен сағасының тайыздануы мен экологиялық қауіптердің алдын алуға ықпал ету. Ықшамаудандар мен елді мекендерді көгалдандыру, жасыл аймақтарды заңсыз құрылыстардан қорғау.
Құрметті сайлаушылар!
Мен бірмандаттық жүйе бойынша қалалық мәслихат депутаттығына сайлауға түсуге шешім қабылдадым. Сенімге ие болсам, білімім мен тәжірибемді Атыраудың дамуына, тұрғындарды толғандырған мәселелерді шешуге жұмсаймын. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, сайлауалды бағдарламада белгіленген міндеттердің орындалуына атсалысамын.
Менің басты міндетім – жерлестерімнің сенімін ақтап, әр тұрғынның жайлы өмір сүруіне және жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін қоғам қалыптастыруға үлес қосу!
Атырау қалалық аумақтық сайлау комиссиясы қаражаты есебінен төленді

