CaspianLife, 25 қараша. 2027 жылдың соңына дейін Қазақстанда 3G желісінен толық бас тартылады. Оның орнына 4G және 5G технологиялары енгізіледі. Алайда байланыс сапасын арттыру абоненттердің қалтасына салмақ салуы мүмкін. Ірі байланыс операторлары келесі жылы тарифтерді 10–15%-ға көтеруді жоспарлап отыр.
Қазір еліміздегі ауылдардың 84 пайызында мобильді интернет қолжетімді. Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, министрлік 3G базалық станцияларын жаңартып, 4G стандартына көшіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар қалалар мен ауылдарда 5G желісінің қамту аумағы кеңейтілуде.
«3G желісінен толық бас тарту 2027 жылдың соңына жоспарланған. Осы уақытқа дейін 4G желісі 5 291 ауылды, ал 5G 70 қала мен 300 ауылды қамтуы тиіс. Нәтижесінде еліміздегі ауылдық елді мекендердің 92 пайызында мобильді интернет қолжетімді болады», – деді министр.
Сонымен қатар байланыс сапасын жақсартумен қатар, телефон алаяқтығына қарсы күрес те күшейтілуде. Ұлттық банктің Антифрод-орталығымен байланыс операторларының өзара іс-қимыл тәртібі бекітілді. Енді заңды тұлғалардан түскен қоңыраулар арнайы белгімен көрсетіледі. Яғни абонент телефон экранынан өзіне қай ұйым хабарласып жатқанын көре алады.
Сондай-ақ мобильді нөмірді тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіру талап етіледі. Ал мобильді құрылғыларды IMEI-код арқылы тексеру тәртібі нақтыланды. Бұл заңсыз әкелінген және коды өзгертілген телефондарды анықтауға мүмкіндік береді.
Спутниктік байланыс нарығы да кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта OneWeb пен Starlink компаниялары лицензия алған. Ал 2027 жылы бұл нарыққа жаңа ойыншылар қосылуы мүмкін.
«Келесі жылы Қазақстан нарығына Shanghai Spacecom Satellite Technology және Amazon LEO компанияларының шығуын күтіп отырмыз. Осылайша, Қазақстан Орталық Азияда бірден төрт оператордың жерүсті станциялары орналасатын алғашқы ел болады. Бұл ұлттық қауіпсіздік талаптарына сай келеді», – деді Жаслан Мәдиев.
Байланыс операторлары тарифтердің ықтимал қымбаттауын желілерді жаңғыртуға және инфрақұрылымды дамытуға қажетті ірі инвестициялармен түсіндіреді.
Алдын ала мәлімет бойынша:
Beeline тарифтерді орта есеппен 10%-ға;
Kcell 10–12%-ға;
Tele2 және Altel жекелеген тарифтер бойынша 15%-ға дейін көтеруі мүмкін.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда мобильді интернеттің орташа айлық құны шамамен 10 долларды құрайды. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (27 доллар) үш есе төмен. Дегенмен интернет трафигін тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл операторларды желілерді жаңартуға инвестиция салуға мәжбүрлеп отыр.
Министрліктің алдында бір жағынан халықты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, екінші жағынан байланыс бағасын тұрғындар үшін қолжетімді деңгейде сақтау міндеті тұр.
Ал тарифтердің қымбаттауы тұтынушыларға қаншалықты әсер ететіні әзірге белгісіз.
Аселім ҚАЛКЕН, Астана

