CaspianLife, 25 қараша. Сот орындаушылары мұнай өндіруші «ЖАН и КС» компаниясына салынған айыппұлдың 490 млн теңгеден астамын Атырау облысының бюджетіне аударды. Жалпы өндіріп алынуы тиіс сома 3 млрд теңгеден асады.
Заңбұзушылықты табиғат қорғау прокуратурасы анықтаған. Ұңғымаларды бұрғылау кезінде компания бұрғылау шламы мен пайдаланылған бұрғылау ерітіндісін заңсыз жинақтаған. Осыған байланысты оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік жүктелген.
Мұнай компаниясы айыппұлға сот арқылы шағымдануға тырысқанымен, өтініштері қанағаттандырылмады. Нәтижесінде қаулы заңды күшіне енді. Қазір айыппұл мәжбүрлеп өндіріліп жатыр. Қалған берешек сомасының өтелуін прокуратура бақылауда ұстап отыр.
Заңдағы өзгеріс өңірдің әрбір тұрғынына қатысты. Бұған дейін экологиялық айыппұлдардан түскен қаражат республикалық бюджетке аударылса, енді облыс бюджетінде қалады.

