CaspianLife, 25 қараша. ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековті және өзге де тұлғаларды ұстады. Ұстау шарасы 2026 жылғы 23 қарашада жүргізіліп, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу нұсқасы бойынша, олар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деп күдіктелуде.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 367-бабының 4-бөлігі бойынша жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге де мәліметтері жария етілмейді.
Ведомство Мемлекет басшысының тапсырмалары мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жалғасып жатқанын атап өтті.
Арада бір күн өткен соң, 24 қарашада «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының директорлар кеңесі басқарманың екі мүшесінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады. Олар – өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужин. Компания таратқан хабарламада бұл шешімнің қабылдану себебі көрсетілмеген.
Екі басшының да міндеттері ішкі рәсімдерге сәйкес компания басшылығы арасында қайта бөлінген. «Қазатомөнеркәсіп» өндірістік және коммерциялық бөлімдердің қызметкерлері толық құрамда жұмыс істеп жатқанын, ал компанияның ағымдағы шаруашылық қызметі штаттық режимде жалғасып жатқанын мәлімдеді.

