CaspianLife. 18 қараша. Батум мұнай терминалы арқылы мұнай және мұнай өнімдерін ауыстырып тиеу көлемі 2026 жылдың алғашқы он айында 2,5%-ға өсіп, 1 млн 572 мың тоннаны құрады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38,5 мың тоннаға артық. Терминал «ҚазТрансОйл» компаниясына тиесілі және оның шетелдегі активтерінің бірі саналады.
Көрсеткіштің өсуіне шикі мұнай мен авиациялық керосинді ауыстырып тиеудің қайта жандануы, сондай-ақ бензин көлемінің артуы әсер еткен. Қаңтар-қазан айларында терминал арқылы 262,7 мың тонна қазақстандық мұнай тасымалданды. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл бағыт бойынша мұнай жеткізілмеген.
Осы уақыт аралығында 316,5 мың тонна бензин ауыстырып тиелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 75,4 мың тоннаға немесе 31,3%-ға көп. Ал авиациялық керосин көлемі айтарлықтай артқан. Оның ауыстырып тиеу көрсеткіші 53,5 мың тоннаға жетіп, былтырғы деңгейден 50,7 мың тоннаға асқан. Осылайша, бұл өнімнің көлемі бір жылда 19 еседен астам өскен.
«ҚазТрансОйл» компаниясының мәліметінше, терминал жұмысының жыл басынан бергі нәтижелері оның халықаралық жүк ағынын қамтамасыз етудегі және Қазақстан мен Грузия арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды нығайтудағы маңызды рөлін көрсетеді. Бұған ауыстырып тиелетін жүк түрлерінің көбеюі мен операциялық тиімділіктің артуы ықпал еткен. Компанияның бағалауынша, бұл екі елдің халықаралық тасымал нарығындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Батум мұнай терминалы – «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 100 пайыз еншілес ұйымы. Компания осы құрылым арқылы Грузиядағы өндірістік активтерге тікелей иелік етіп, олардың жұмысын басқарады.
Фото: 1tv.ge

