«Зайсан ауданындағы әуежай құрылысын биылғы жылдың соңына дейін толық аяқтаймыз. Қатонқарағайдағы әуежай құрылысын 2027 жылдың ақпан айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Кендірлідегі әуежай құрылысы да 2026 жылдың соңына дейін аяқталады», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мұнай өңдеу саласындағы жоспарлар туралы айтты. Оның сөзінше, Ақтөбе облысында жылына 2 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа зауыт салу мәселесі қарастырылып жатыр. Жобаны жүзеге асыруға шамамен екі жыл қажет.
«Ақтөбе облысында қуаттылығы жылына 2 млн тонна болатын орташа қуатты мұнай өңдеу зауытын салу жобасы қарастырылуда. Ол ішкі нарықты қамтамасыз етіп, Орталық Азия елдеріне өнім жеткізеді. Қазір жеткізілімдерде іркілістер бар. Қазақстан ресурстық әлеуеті жоғары ел ретінде көршілес мемлекеттерді мұнай өнімдерімен қамтамасыз ете алады», – деді министр.
Сонымен қатар қолданыстағы үш мұнай өңдеу зауытының жалпы қуаттылығын жылына 18 млн тоннадан 27,7 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, жылына 10 млн тонна мұнай өңдейтін ірі зауыт салу мәселесі де пысықталуда.
«Қазақстанда ғана емес, Ресей Федерациясын есептемегенде, тұтас өңірде мұндай ірі мұнай өңдеу зауыты жоқ. Қазір Маңғыстау, Атырау және Ұлытау облыстарында үш ықтимал алаң қарастырылып жатыр. Зауыт қай өңірде салынатыны туралы шешімді жыл соңына дейін қабылдаймыз деп ойлаймын», – деді Ерлан Ақкенжонов.
Тағы бір маңызды бағыт – атом энергетикасы. Қазіргі уақытта Қазақстанда екі атом электр станциясын салу мәселесі пысықталып жатыр.
«Алғашқы «Балқаш» АЭС-і «Росатом» ресейлік консорциумымен бірлесіп жүзеге асырылады. Екінші «Мойынқұм» АЭС-і бойынша Қытай ұлттық ядролық корпорациясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қазір жобаның барлық мәселесі, соның ішінде келісімшарт талаптары талқылануда. 2035 жылға қарай бұл жобалар аяқталуы тиіс деп сенеміз», – деді министр.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана
Фото: kapital.kz

