CaspianLife. 4 қараша. Ақтау қалалық соты қызды үш ай бойы аңдыған ер адамды 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту туралы үкім шығарды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танылды.
Айыпталушы тамыз айынан қазан айына дейін еш себепсіз жәбірленушінің үйіне келіп, ұялы телефонына қайта-қайта қоңырау шалып, хабарламалар жіберген. Бұдан бөлек, ол кіреберістегі бейнебақылау камерасының жад картасын ұрлап, қыздың интернет байланысын ара-тұра өшіріп отырған.
Сот отырысында ер адам өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірген. Сондай-ақ жеңіл жаза тағайындауды сұраған. Алайда жәбірленуші оны кешіруден бас тартып, қатаң жаза қолдануды талап еткен. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Ішкі істер органдарының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында сталкинг дерегі бойынша 248 қылмыстық іс тіркелген. Оның 83-і сотқа жолданған.
Мариям БЕРІКҚЫЗЫ, Ақтау

