CaspianLife. 4 қараша. Қазақстан 2027 жылы шамамен 99 млн тонна мұнай өндіруді көздеп отыр. Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, келесі жылға арналған мұнай өндіру көлемі қазір нақтыланып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, көрсеткіш 99 млн тонна шамасында болады.
«Келесі жылға арналған өндіру көлемін қазір анықтап жатырмыз. Менің ойымша, шамамен 99 млн тонна деңгейінде жоспарланады», – деді министр журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.
Ал биылғы жылға арналған болжам өзгеріссіз қалды. 2026 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 96 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған. Айта кетейік, осы жылдың маусым айында Ерлан Ақкенженов мұнай өндіру көлемі 98 млн тоннаға жетуі мүмкін екенін айтқан болатын.
Дегенмен, биылғы көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда төмен. Қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда 69,4 млн тонна мұнай өндірілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштің 91,7 пайызына тең. Өндіріс көлемінің төмендеуіне негізінен елдегі ең ірі мұнай-газ жобаларындағы көрсеткіштердің азаюы әсер еткен.
Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанда шамамен 99,6 млн тонна мұнай өндірілген.
Дереккөз: Kapital.kz
Фото: kmg.kz

