CaspianLife. 4 қараша. Атырау облысында 2030 жылға дейін балық шаруашылығы саласына 25 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Осы уақыт аралығында өңірде сегіз ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Жобалар тауарлы балық өсіру көлемін арттыруға, өндірісті кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді.
Жобалардың ішіндегі ең ірісі – Құрманғазы ауданындағы «Шортанбай» балық өңдеу зауытын жаңғырту. Оған 12 млрд теңгеден астам инвестиция бағытталады. Қазіргі уақытта кәсіпорында 11 жаңа нысанның құрылысы басталған.
Зауытта балық қабылдау, мұздату, тұздау, ыстау және консервілеу цехтары, сондай-ақ уылдырық пен филе өндіретін бөлімдер ашылады. Бұдан бөлек, механикалық жөндеу цехы да қарастырылған. Кәсіпорын толық өндірістік қуатына шыққан кезде өнімнің 200-ге дейін түрін шығара алады. Жаңғырту жұмыстары балық өңдеу көлемін арттырып, өнім түрлерін көбейтуге, шикізатты терең өңдеуге және отандық өндірушілердің нарықтағы орнын нығайтуға бағытталған.
Өңірде балық өңдеу саласының әлеуеті де артып келеді. Биылғы тоғыз айда облыста шамамен 7 мың тонна балық өңделген. Сонымен қатар тауарлы балық өсіру көлемі де ұлғаюда. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 2,6 мың тоннаға жеткізу жоспарланған.
Су айдындарындағы балық қорын сақтау жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Биыл Жайық өзеніне бекіре тұқымдас балықтардың 4 миллионға жуық шабағы жіберілді. Браконьерлікпен күрес те күшейтілген. Жыл басынан бері 2,4 мың заң бұзушылық анықталып, 168 іс сотқа жолданған.
Балық аулау кооперативтеріне де қолдау көрсетіліп келеді. Биыл 16 кооперативке шамамен 16 мың тонна балық аулауға лимит бөлінген. Қазіргі уақытта оның 44 пайызы игерілген.
Атырау облысының балық шаруашылығындағы үлесі де жоғары. Өңірге республика бойынша ауланатын балықтың жалпы көлемінің 31 пайызы тиесілі. Министрліктің мәліметінше, жоспарланған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру өңірдің өндірістік әлеуетін нығайтып, отандық балық өнімдерінің көлемін арттыруға және қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Дереккөз: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі


