CaspianLife. 29 қазан. Қазақстан Энергетика министрлігі 2026 жылғы 14 қарашадан бастап сұйытылған мұнай газын, пропан мен бутанды ел аумағынан шығаруға алты ай мерзімге қайтадан тыйым салуды ұсынып отыр. «Сұйытылған мұнай газын тасымалдаудың кейбір мәселелері туралы» бұйрық жобасы сәрсенбі күні «Ашық НҚА» порталында жарияланып, көпшілік талқылауына ұсынылды.
Шектеу автомобиль және теміржол көлігімен экспорттауға қатысты болады. Дегенмен құжат жобасында бірқатар ерекшелік қарастырылған.
«Бұйрық жобасында 2026 жылғы 14 қарашадан бастап алты ай мерзімге Қазақстан Республикасының аумағынан сұйытылған мұнай газын, пропан мен бутанды автомобиль және теміржол көлігімен әкетуге, жобаға сәйкес көзделген ерекшеліктерді қоспағанда, тыйым салу қарастырылған», – делінген құжаттың түсіндірме ақпаратында.
Ведомствоның мәліметінше, бұл шара Ведомствоаралық комиссия мақұлдаған қолданыстағы шектеуді жалғастыруға бағытталған. Негізгі мақсат – елдің ішкі нарығын сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету. Мұндай шектеу алғаш рет биыл мамыр айында енгізілген.
Бұйрық жобасын қоғамдық талқылау 12 қарашаға дейін жалғасады.
Дереккөз: Kapital.kz

