CaspianLife. 28 қазан. Қазақстан 2029 жылға қарай тұрақты энергетикалық профицитке қол жеткізуі тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында осындай стратегиялық міндет қойып, энергетика саласын дамыту мәселесіне арнайы тоқталды.
Мемлекет басшысының айтуынша, экономиканың табысты дамуы мен ел егемендігін қамтамасыз ету үшін қуатты энергетика қажет. Әлемде «электр энергиясы дәуірі» басталғанын атап өткен Президент Қазақстан өзіндегі шикізаттық артықшылықты тұрақты энергетикалық және технологиялық прогреске айналдыруы керектігін айтты. Сонымен қатар ол салада шешімін күткен мәселелер аз емес екенін мойындады.
«Ашығын айтқанда, бұл салада мәселе жетерлік. Білікті энергетиктеріміз саусақпен санарлық, ал энергетика мәселесіне арналған форумдар мен пікірталастар жиі әрі ауқымды деңгейде өткізіледі. Алайда Қазақстанның энергетика саласы жыл сайын елеулі тапшылыққа тап болады. Соның салдарынан қыс мезгіліндегі электр энергиясына сұраныс шарықтайтын кезеңдерде көрші елдерден электр қуаты қымбат бағамен сатып алынады. Ал жазда сол энергия әлдеқайда төмен бағамен кері қайтарылады. Ондаған жыл бойы жалғасып келе жатқан осындай қарапайым «бизнес» бар. Маған мұның энергетика саласындағы қалыпты тәжірибе екенін айтады. Сондықтан кезінде Балқашта басталып кеткен жылу электр орталығының құрылысын тоқтатып тастағанымызға таңғалудың қажеті жоқ. Қазір Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында жаңа генерациялау қуаттарын іске қосу мерзімі де кешіктіріліп жатыр», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев елімізде өнеркәсіп, құрылыс және агроөнеркәсіп кешені дамып жатқанын еске салды. Сондай-ақ экономиканы жаппай цифрландыру, жасанды интеллектіні қоғамдық өмірдің барлық саласына енгізу және деректерді өңдеу орталықтарын салу жоспарланып отырғанын айтты. Мұндай ауқымды міндеттерді орындау үшін қазіргі электр энергиясын өндіру көлемі, яғни жылына 123 миллиард киловатт-сағат жеткіліксіз.
Бұл мәселені шешу үшін Президент бірқатар шараны айқындады.
«Осы мақсатта біз жаңа электр станцияларын салып, қолданыстағы нысандарды жаңғыртуға, электр беру желілерін дамытуға, экологиялық талаптарға сай көмір генерациясын толық жолға қоюға және жаңартылатын энергия көздеріне, әсіресе күн электр станцияларына басымдық беруге міндеттіміз. Жалпы, Үкімет 2035 жылға дейінгі елдің бірыңғай ұзақ мерзімді энергетикалық теңгерімін жаңартуы керек», – деп атап өтті Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, энергетика саласында атом электр станцияларының маңызы ерекше. Ол Қазақстандағы АЭС-тердің алдағы жүз жылдағы қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін уранның мемлекеттік стратегиялық қорын құруды ұсынды.
«АЭС құрылысына қатысып жатқан шетелдік серіктестерді Қазақстанда жоғары технологиялық өндірістер ашуға, атом энергетикасы саласындағы құзыреттерді беруге және отандық атом саласы мамандарын даярлауға тарту маңызды. Мұндай ұсыныстар Ресей мен Қытай компанияларынан түсіп жатыр. Меніңше, келесі жылдың өзінде «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастауға кірісуге болады. Сондай-ақ «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын мүмкіндігінше тезірек бастау мақсатында кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қою қажет», – деп түйіндеді сөзін Қазақстан Президенті.

