CaspianLife. 16 қазан. Қазақстан мен Әзербайжан Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосты. Салтанатты рәсімге екі елдің президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев қатысты.
Ұзындығы 380 шақырым болатын магистраль Каспий теңізінің түбімен тартылған. Жобаны «Қазақтелеком» АҚ мен Әзербайжанның «AzerTelecom» компаниясы бірлесіп жүзеге асырды.
Жаңа желі Қазақстанды, Орталық Азия елдерін және Қытайды Еуропамен байланыстыратын цифрлық дәліздің бір бөлігіне айналады. Ол халықаралық интернет-трафиктің өткізу қабілетін арттырып, бұлтты сервистер мен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. Ақорданың хабарлауынша, жоба Қазақстанға халықаралық цифрлық байланыс бағыттарын әртараптандыруға және жаһандық технологиялық компанияларды тартуға жол ашады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жобаның халықаралық маңызына тоқталып, оны жаңа үлгідегі дәліз деп атады.
«Біз халықаралық деңгейде маңызға ие болатын өте маңызды жобаны іске қостық. Ең бастысы – бұл жаңа үлгідегі дәліз. Ол көлік дәлізі емес, цифрландыру дәуіріне сай келетін тың бастама. Бұл – ынтымақтастықтың мүлде жаңа форматы, өзіндік цифрлық көрініске ие Орта дәліз», – деді Қазақстан Президенті.
Ильхам Әлиев жаңа магистраль Орталық Азия елдеріне ғана емес, басқа мемлекеттерге де қызмет ететінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл желіні Оңтүстік Кавказ елдері мен кеңірек географиялық аймақтағы мемлекеттер де пайдалана алады.
«Өткен жылы Әзербайжан Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулеріне толыққанды мүше ретінде қабылданды. Биыл мен осы ұйымның толыққанды мүшесі ретінде қатыстым. Бұл жоба ынтымақтастықты тереңдетуге қосылған тағы бір үлес болды. Өйткені талшықты-оптикалық байланыс желісін Орталық Азия елдерімен қатар, Оңтүстік Кавказ мемлекеттері және одан да кең географиялық өңірдегі елдер пайдалана алады. Бүгін біз жаһандық жобаның бастауын бердік», – деді Әзербайжан Президенті.
ӘСЕЛІМ ҚАЛКЕН, Астана
Фото: akorda.kz


