CaspianLife. 13 қазан. Атырауда «Atyrau Open 2026» халықаралық шахмат фестивалі басталды. Жарысқа 23 елден 200-ден астам шахматшы қатысуға өтінім берген. Турнир 2026 жылғы классикалық шахматтан Қазақстан кубогының қорытынды кезеңі саналады және 20 қазанға дейін жалғасады.
Фестивальді Атырау облысының Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы Қазақстан шахмат федерациясымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Жарыс бағдарламасы Masters және Open санаттарын қамтиды. Басты Masters турнирінде әлемнің әр түкпірінен келген 108 шахматшы бақ сынауда. Олардың қатарында 32 гроссмейстер бар.
Атырауға Аркадий Найдич, Баадур Джобава және Санан Сюгиров сынды танымал шахматшылар келді. Сондай-ақ 2022 жылы Өзбекстан құрамасының тарихта алғаш рет шахмат олимпиадасында алтын медаль жеңіп алуына үлес қосып, жеке есепте де алтын жүлдеге ие болған Жахонгир Вахидов та турнирге қатысуда.
Қатысушылар классикалық уақыт бақылауымен швейцариялық жүйе бойынша тоғыз тур өткізеді. Әр партияға 90 минут беріледі, оған қоса әр жүріске 30 секундтан қосылады.
Жарыстың басты үміткерлерінің қатарында Қазақстан тарихындағы ең жас гроссмейстер, 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Эдгар Мамедов пен 14 жастағы халықаралық шебер, жасөспірімдер арасында әлемнің екі дүркін чемпионы Марк Смирнов бар.
Фестивальдің жалпы кепілдендірілген жүлде қоры – 50 миллион теңге. Оның 45 миллионы Masters турниріне бөлінген. Басты жарыстың жеңімпазы 9 миллион теңге, екінші орын иегері 7 миллион теңге, үшінші орын алған шахматшы 5 миллион теңге сыйақы алады.
Қалған 5 миллион теңге рейтинг көрсеткіші 2400-ден төмен шахматшылар қатысатын Open санатында сарапқа салынады. Бұл санаттың бас жүлдесі – 1 миллион 350 мың теңге.
Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов фестивальге мықты шахматшылар жиналғанын атап өтті:
«Әлемнің 23 елінен шамамен 35 гроссмейстер келді. Мұнда өте мықты әрі танымал шахматшылардың қатысып жатқаны бізді қуантады. Олардың қатарында Өзбекстан құрамасы сапында шахмат олимпиадасында екі рет чемпион атанған Шамсиддин Вохидов пен әлемдік шахматтың аңызы Гата Камский бар. Бұдан бөлек, басқа да танымал гроссмейстерлер қатысуда. Бұл қазақстандық спортшылар үшін жоғары деңгейде ойнап, халықаралық шебер немесе халықаралық гроссмейстер атағын орындауға, сондай-ақ халықаралық рейтингін көтеруге тамаша мүмкіндік», – деді Дәрмен Сәдуақасов.
Фестиваль аясында шахмат әуесқойларына арналған іс-шаралар да ұйымдастырылған. Атырау облысының Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықовтың айтуынша, сегіз күндік фестиваль барысында жаттықтырушылар мен спортшыларға арналған шеберлік сабақтары мен семинарлар өткізіледі. Сонымен қатар 100 баланың қатысуымен жеке турнир ұйымдастырылады.
«Басты мақсатымыз – қазақстандық шахматшыларға әлемдік шахмат көшбасшыларымен бір үстелде ойнап, құнды тәжірибе алмасуға мүмкіндік беру», – деді Нұрбол Сыдықов.
Атыраулық шахматшы Зарина Нұрғалиева да қаласында осындай ауқымды жарыстың өтіп жатқанына қуанышты. Ол алты жасынан бастап шахматпен айналысады. Жақында халықаралық олимпиадада екінші орын алған.
«Мен Атырау қаласынанмын. Шахматпен алты жасымнан бері айналысамын. Жақында халықаралық олимпиадаға қатысып, екінші орын алдық. Қаламызда осындай ауқымды турнирлердің өтіп жатқанына өте қуаныштымын. Атырауда шахмат спорты алдағы уақытта да дами береді деп сенемін», – деді Зарина Нұрғалиева.

