Мемлекет басшысының айтуынша, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндік мол. Ол көлік және логистика, маңызды минералдар, жаңартылатын энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және жасанды интеллект салаларын басым бағыттар ретінде атады.
Тоқаев экономикалық ынтымақтастық мәселесіне де жеке тоқталды.
«Бельгия Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің қатарына кіреді. Сонымен қатар, еліңіз Қазақстан экономикасына инвестиция салатын он ірі инвестордың бірі саналады. Мен мұны Қазақстанның экономикалық болашағына деген сенімнің айқын дәлелі деп бағалаймын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бельгия королі Филипп Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына жоғары баға беріп, Орталық Азия елдерімен тығыз байланыс орнатуға мүдделі екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Бельгия делегациясы Қазақстанға тек хаттамалық кездесулер өткізу үшін келген жоқ. Делегация құрамында мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерінің және ғылыми-академиялық қауымдастықтың өкілдері бар. Олар бірлескен жобаларды талқылап, нақты келісімдерге қол жеткізуге ниетті.
«Сіздің басшылығыңызбен елдің сенімді даму жолына түскені бізді ерекше таңғалдырады. Сапар барысында танысуды жоспарлап отырған жасанды интеллект, энергетика және атом энергетикасы салалары екі мемлекет үшін де аса маңызды. Сондай-ақ ғалымдардың қатысуымен өтетін дөңгелек үстелге қатысамыз. Бізбен бірге университет ректорлары мен компания басшыларын қамтитын ауқымды делегация келді», — деді король Филипп.
Келіссөздер кейін кеңейтілген құрамда жалғасты. Тараптар мәлімдемелерден нақты іске көшуге және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін растады.
Ертең Бельгия королі мен королевасы екіжақты Іскерлік кеңестің төртінші отырысына қатысады. Кеңестің мақсаты — іскерлік байланыстарды кеңейтіп, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашу.
Сауда көрсеткіштері де ынтымақтастықтың оң қарқынмен дамып келе жатқанын аңғартады. Сауда министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы 9 пайызға өсіп, 353,1 миллион долларға жеткен.
Қазақстанның экспорты 9,7 пайызға артып, 183,7 миллион долларды құрады. Экспорттың негізгі бөлігін зығыр тұқымы, молибден, титан және бидай құрайды. Әсіресе бидай экспорты үш есе өскен.
Ал Бельгиядан Қазақстанға импорт көлемі 8,3 пайызға артып, 169,4 миллион долларға жетті. Қазақстанның сауда балансының оң сальдосы 14,3 миллион долларды құрады.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана
Фото: akorda.kz



