CaspianLife, 2 қазан. Қазақстан маусымдық тұмауға қарсы тегін вакцинация науқаны үшін ресейлік «Гриппол» вакцинасының 2,1 млн дозасын сатып алды. Оның алғашқы 564 мың дозасы елге жеткізіліп, өңірлерге кезең-кезеңімен жөнелтіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Вакцина жеткізілген өңірлерде медициналық ұйымдар халықты иммундауға кірісті. Препарат Алматы, Түркістан, Жетісу облыстарына, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларына жеткізілді. Қалған өңірлер вакцина партияларын 5 қазанға дейін алады.
Ресейлік «Гриппол» вакцинасының таңдалуына оның құрамындағы штамдардың алдағы эпидемиялық маусымға арналған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес келуі себеп болды.
Тұмау мен оның асқыну қаупі жоғары азаматтарға вакцина тегін салынады. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, медициналық-әлеуметтік мекемелердегі адамдар мен қызметкерлер, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша инфекция жұқтыру қаупі жоғары азаматтар бар.
Өңірлерге вакцинация науқанын уақытылы бастап, аталған топтар үшін екпе алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды.
Мамандар вакцина салдыру үшін ең қолайлы кезең – қазан айы екенін атап отыр. Маусымдық ауру өршігенге дейін ағзада қажетті иммундық қорғаныс қалыптасып үлгереді. Вакцина тұмаумен ауыру қаупін, әсіресе аурудың ауыр өтуі мен асқыну ықтималдығын төмендетеді.
Мақсатты топқа кіретін азаматтарға тіркелген медициналық ұйымға алдын ала хабарласып, вакцинацияға қалай жазылуға болатынын анықтау ұсынылады.

