Caspianlife, 18 қыркүйек. Атырау облысы бойынша Экология департаменті «Потенциал Ойл» ЖШС-нен табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 1,4 млрд теңгеден астам айыппұл өндіріп алды.
Кәсіпорын қызметіне біліктілік және рұқсат беру талаптарына сәйкестігі бойынша жүргізілген тексеру, сондай-ақ нысанға бару арқылы өткізілген профилактикалық бақылау барысында бірқатар заңбұзушылық анықталды.
Атап айтқанда, өндірістік экологиялық бақылаудың тиісті деңгейде жүргізілмеуі, ағынды суларды мониторингілеу талаптарының бұзылуы, сондай-ақ міндетті экологиялық есептіліктің ұсынылмауы, уақытында тапсырылмауы және дұрыс толтырылмауы анықталған.
Сонымен қатар ластаушы заттардың шығарындылары тіркеліп, жекелеген жұмыстардың тиісті рұқсатсыз жүргізілгені белгілі болды. Рұқсат етілген шығарындылар нормативтерінің асып кетуі, өндірістік және тұтыну қалдықтарын басқару талаптарының бұзылуы да анықталған.
Бұдан бөлек, кәсіпорын аумағында қажетті рұқсаттар мен бекітілген лимиттерсіз ластанған топырақ пен түптік шлам жинақталған. Ал қалдықтарды басқару бағдарламасы іс жүзінде түзілген қалдықтардың көлеміне сәйкес келмеген.
Тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы 37 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 1 433 815 923 теңге болатын айыппұл салу туралы 7 қаулы шығарылды.
Кәсіпорын қабылданған шараларға сот тәртібімен шағымдануға тырысқан. Алайда бірінші және апелляциялық инстанция соттары шағымдарды қанағаттандырмады.
Қазіргі уақытта 1,4 млрд теңгеден астам көлемдегі айыппұл толық өндіріліп, мемлекет кірісіне аударылды.
Дереккөз: ҚР Экология министрлігі

