CaspianLife, 28 тамыз. Қазақстанда оқушыларға 1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл мен сыйлық сыйлауға тыйым салынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді.
Оның айтуынша, тиісті хаттар жергілікті атқарушы органдарға жолданған. Енді мектеп аумағында мұғалімдерге гүл сыйлауға және қандай да бір сыйлық сатып алуға болмайды. Бұл талап арнайы көрсетілген. Бірінші сынып оқушыларына да гүл сыйлаудың қажеті жоқ.
«Біз тиісті хаттарды жергілікті атқарушы органдарға жолдадық. Мектептерде гүл сыйлауға, қандай да бір сыйлық сатып алуға жол берілмейді. Нақтырақ айтқанда, мектеп аумағында сыйлық беруге болмайды. Біз мұны хатта нақты көрсеттік. Бірінші сынып оқушыларына да гүл сыйлаудың қажеті жоқ», — деді Шынар Ақпарова.
Бұған дейін шектеулер мұндай қатаң болмаған. 2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мұғалімдерге сыйлық пен гүлді бір ғана шартпен қабылдауға рұқсат етілетінін түсіндірген. Яғни педагог сыйлық берушіге қандай да бір қызмет көрсетпеуі керек. Сонымен қатар сыйлықтың құны 5 АЕК-пен шектелген. Ол кезде бұл 18 460 теңге болса, бүгінде 21 625 теңгені құрайды.
Енді вице-министрдің айтуынша, сыйлықтың құнына қарамастан, мектеп қабырғасында мұғалімдерге гүл немесе сыйлық беруге мүлдем болмайды.
Ақпарова сондай-ақ 1 қыркүйекте мектептерде әдеттегі дәстүрлі сынып сағаттары өтуі тиіс екенін айтты. Қосымша сыйлықтар секілді салтанатты атрибуттар қарастырылмайды.

