Caspianlife, 28 тамыз. Ақтөбе қаласының шетіндегі Көктем ауылының балалары әлі күнге дейін жұмысшыларға арналған бұрынғы жатақхана ғимаратында білім алып жүр. Оқу орны ретінде қайта жабдықталған бұл ғимарат 600 оқушыға есептелгенімен, қазір мұнда мыңнан астам бала оқиды.
Сыныптар шамадан тыс толы
Бұл мектепте Көктем ауылының ғана емес, көршілес Сая және Мағаджан ауылдарының, сондай-ақ бау-бақша серіктестіктерінің балалары да білім алады. Жыл сайын оқушылар саны артып, білім беру мекемесі жүктемені көтере алмай отыр.
Көктем ауылының тұрғыны Дүйсенғали Есбосынов:
«Мұнда Заречный ауылынан ғана емес, Летвоздың төртінші учаскесінен де балалар оқиды. Барлығы мыңнан асады. Іші тар, балаларға қолайсыз. Белсенді оқушылар материалды тез меңгерсе, тұйық балалар қалып қоюы мүмкін. Сондықтан олардың үлгерімі төмен болады», — деді.
Ауыл тұрғыны Асылхан Ақбатыров мектеп ұжымы қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын айтты:
«Мектеп бар күшін салып жатыр, қолдан келгенше жағдай жасауға тырысады. Бірақ жыл сайын «мектеп салынады» деп айтады. Күтіп жүргенімізге 30 жыл болды. Спорт залы да жоқ. Мысалы, мына алаңның жағдайын қараңыздар. Балалар футбол ойнайтын жердің күйі осындай. Жарықтандыру да жоқ. Бұл біздің балалар үшін өте қауіпті», — деді.
Жаңа мектеп туралы не белгілі
Жаңа мектеп салуға арналған жер телімі осыдан 30 жыл бұрын бөлінгенімен, құрылыс жұмыстары әлі басталмаған. Екі жыл бұрын 500 орындық мектептің жобасы әзірленді. Құжатқа сәйкес, ол үш қабатты болады.
Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев:
«Қазіргі уақытта 500 орындық мектептің жобасын дайындадық. Жобаның құны — 3,6 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары 7 ай ішінде аяқталуы тиіс. Бұл үш қабатты ғимарат болады. Қазір бюджет тапшылығына байланысты құрылыс басталған жоқ. Қаражат толық бөлінсе, құрылысты бастаймыз», — деді.
Басқарма мәліметінше, республикалық бюджеттен қаржы бөлуге өтінім берілген. Алайда қаржыландыру мерзімі әзірге белгісіз.
Камшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

