CaspianLife, 27 тамыз. Атырау облысында электр тауарларын сатушы қауіпсіздік талаптарына сай емес техниканы құжатсыз және тиісті таңбасыз сатқаны үшін 843 375 теңге айыппұл төледі.
Тексеруге Атырау тұрғынының шағымы себеп болған. Ол аяқ пен арқаға арналған электр массажерлерін сатып алған. Алайда сатып алынған тауар техникалық қауіпсіздік регламенттерінің талаптарына сәйкес келмеген. Осыған байланысты Атырау облысы бойынша Техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің қызметкерлері жеке кәсіпкер «Amanat Group»-қа қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Тексеру барысында бірқатар заңбұзушылық анықталды. Өнімде таңбалау және қазақ және орыс тілдеріндегі пайдалану жөніндегі құжаттар болмаған. Сондай-ақ тауардың ТР ТС 004/2011 «Төмен вольтты жабдықтардың қауіпсіздігі туралы» және ТР ТС 020/2011 «Техникалық құралдардың электромагниттік үйлесімділігі» техникалық регламенттеріне сәйкестігін растайтын құжаттар да ұсынылмаған.
Яғни электр массажерлері олардың қауіпсіздігіне кепілдік беретін тиісті құжаттарсыз сатылымға шығарылған.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 843 375 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар кәсіпкерге талапқа сай емес өнімді сатуды тоқтату туралы нұсқама берілді.
Дереккөз: ҚР Сауда және интеграция министрлігі
(Фото ашық дереккөздерден алынған)

