Caspianlife, 25 тамыз. 23 тамыз күні сағат 23:50 шамасында 1940 жылы туған ер адамның үйінен белгісіз уақытта шығып кетіп, хабарсыз кеткені туралы қызы полицияға хабарласқан. Іздеу жұмыстарына Кинология қызмет орталығының кіші инспектор-кинологы, полиция аға сержанты Рахымжан Ерболат, полиция сержанты Еламан Утеулиев және қызметтік іздестіру иті Герда жұмылдырылды. Герда жоғалған азаматтың киімін иіскеп, іздеуді үйінің алдынан бастады.
Қызметтік ит шамамен 2 шақырым жүріп өтіп, канал маңындағы қамыс арасынан ер адамды тапты. Азаматтың жағдайы жақсы. Ол полиция қызметкерлеріне жедел әрекеті мен көмегі үшін алғысын білдірді.
Герда – 2024 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет атқарып келе жатқан қызметтік іздестіру иті. Осы уақыт ішінде ол түрлі іздеу жұмыстарына қатысып, полиция қызметкерлерінің сенімді серігіне айналды. Қызметтік иттердің жұмысы – полиция қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі. Ал Герда секілді іздестіру иттері өз қызметімен адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтауға үлес қосып келеді.

