Caspianlife, 24 тамыз. Қазақстан ұлттық құрамасы Англияның Лафборо қаласында өткен IFCPF Men’s World Championships 2026 әлем чемпионатында тарихи жетістікке жетіп, қола медаль иеленді. Отандастарымыз турнирді үшінші орынмен аяқтап, халықаралық аренадағы алғашқы қатысуында-ақ жүлдегер атанды.
Әлем чемпионаты 15–24 тамыз аралығында Англияның Лафборо қаласында өтті. Қазақстан құрамасы топтық кезеңде Италия, Англия және АҚШ құрамаларымен кездесті.
Парафутболшыларымыз үшін бұл халықаралық деңгейдегі алғашқы жарыс болғанына қарамастан, команда мүшелері жоғары шеберлік пен жігер танытып, лайықты нәтиже көрсетті. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының қола жүлдесін еншіледі.
Турнир алдындағы дайындық барысында Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құрамаға қолдау білдірді. Оқу-жаттығу жиыны кезінде федерацияның Бас хатшысы Скотт Манн команда мүшелеріне сәттілік тілеп, парафутболшыларға федерация тарапынан толық қолдау көрсетілетінін атап өткен болатын.
Қазақстан құрамасының тарихи қола жүлдесіне Атырау облысының спортшысы Жексебай Әлаянат та өз үлесін қосты.
16 жастағы спортшы — Амангелді атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы. Оның жаттықтырушысы — Атырау мүгедектер спорт клубының жаттықтырушысы Нұржан Қасанов.
Осылайша, Атырау өңірінің жас спортшысы әлем чемпионатында ел намысын қорғап, Қазақстан парафутболының тарихи жетістігіне атсалысты.
Бұл жеңіс — елімізде парафутболды дамыту жолындағы маңызды қадам. Әлем чемпионатында жүлдеге қол жеткізу Қазақстан спортшыларының халықаралық аренадағы әлеуетін көрсетіп, параспорттың одан әрі дамуына жаңа серпін береді.
Қазақстан ұлттық құрамасын, спортшылар мен бапкерлер құрамын тарихи қола жүлдемен құттықтаймыз!




