CaspianLife, 24 тамыз. Атырау облысы бойынша Экология департаменті «Потенциал Ойл» ЖШС-не қатысты мемлекеттік экологиялық бақылау жүргізді. Тексеру нәтижесі компания үшін көңіл көншітерліктей болмады. Бұл туралы Атырау облысы бойынша Экология департаменті хабарлады.
Тексеру барысында бірқатар заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, өндірістік экологиялық бақылаудың талапқа сай жүргізілмеуі, ағынды суларды бақылау және есептілікті тапсыру кезінде заң бұзушылықтарға жол беру, қоршаған ортаға ластаушы заттарды шығару, экологиялық рұқсатсыз жекелеген жұмыстарды жүргізу, жол берілетін шығарындылар нормативтерінің асып кетуі, топырақтың мұнай өнімдерімен ластануы, сондай-ақ қалдықтармен жұмыс істеу талаптарының бұзылуы тіркелді.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға жалпы сомасы 1 млрд 433,8 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Алайда бүгінгі таңда оның тек 21,9 млн теңгесі өндірілген.
Компания 1 млрд 411,9 млн теңге көлеміндегі айыппұлға сот арқылы шағымдануға әрекет жасаған. Алайда бұл әрекеті нәтиже бермеді. Бірінші және апелляциялық инстанция соттары «Потенциал Ойл» ЖШС-нің шағымдарын қанағаттандырусыз қалдырды.
Егер компания белгіленген мерзімде берешегін өтемесе, қаулылар мәжбүрлеп орындату үшін тиісті органдарға жолданады.

