CaspianLife, 14 тамыз. Маңғыстау облысында жасанды интеллект саласындағы деректерді өңдеу және есептеу орталықтарына арналған ірі инфрақұрылымдық кластер салу жоспарлануда. Жобаның құны 1,4 млрд АҚШ долларынан асады. Бұл туралы өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың «Ample Solution Limited» компаниясының өкілдерімен кездесуінде айтылды. Тараптар бастаманы іске асыру перспективаларын талқылады.
Болашақ кешеннің жалпы қуаты 500 МВт-қа дейін жетуі мүмкін. Оның құрамына деректерді өңдеу орталықтары, газ генерациясы және жаңартылатын энергия нысандары, сондай-ақ телекоммуникациялық инфрақұрылым кіреді. Есептеу қуаттарын жасанды интеллект модельдерін оқытуға, бұлтты сервистерді дамытуға және үлкен көлемдегі деректерді өңдеуге пайдалану жоспарланып отыр.
«Жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамыту бүгінде мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы нақты міндет қойды – үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдырып, жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді қамтамасыз ету. Маңғыстау үшін мұндай бастаманы жүзеге асыру жоғары технологиялық салаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз инвестиция тартуға мүдделіміз және инвестормен бірге барлық қажетті мәселелерді пысықтауға дайынбыз», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жобаның негізгі басымдықтарының бірі – тұрақты энергетикалық базаны қалыптастыру. Электр энергиясымен сенімді қамтамасыз ету үшін газ генерациясын дамыту көзделіп отыр. Сонымен қатар өңірдің күн және жел энергетикасы саласындағы әлеуетін пайдалану жоспарланған.
Бұдан бөлек, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту қарастырылған. Атап айтқанда, магистральдық және халықаралық байланыс арналарына қосылу, резервтік талшықты-оптикалық бағыттарды құру және Каспий теңізі арқылы цифрлық коммуникацияларды дамыту жоспарлануда.
Кездесу барысында бастаманы жүзеге асыруға қатысты практикалық мәселелер де талқыланды. Олардың қатарында жер учаскесін анықтау, электр және газбен қамтамасыз ету, байланыс желілеріне қосылу, қажетті техникалық шарттарды алу және инвесторға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары бар.
Тараптардың бағалауынша, жобаны іске асыру өңірге қомақты инвестиция тартуға, энергетикалық және цифрлық инфрақұрылымды кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын құруға және Маңғыстауда жоғары технологиялық салаларды дамытуға жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Дереккөз: Маңғыстау облысының әкімдігі

