Caspianlife, 14 тамыз. «Кендірлі» су тұщыту зауыты тәулігіне 50 мың текше метрге дейін су тұщытады. Автоматтандырылған режимде жұмыс істейтін нысанда көпсатылы сүзгілеу, ультрасүзгілеу, кері осмос, қайта минералдандыру және залалсыздандыру жүйелері орнатылған. «ҚазМұнайГаз» АҚ қаржыландыруымен салынған зауыттың негізгі жабдықтары Түркия, Австрия, Германия және Ресейден жеткізілген. Нысан Жаңаөзен қаласы мен оған жақын елді мекендерді, сондай-ақ Ақтау қаласын ауызсумен қамтамасыз етеді.
«Кендірлі» су тұщыту зауытының бас директоры Мақсат Ибағаровтың айтуынша, тәулігіне 15 мың текше метр су өндіруден басталған жоба бүгінде 50 мың текше метрге дейін су тұщытуға қауқарлы.
«Мамыр айында тәуліктік су беру жоспары 15 мың текше метрді, маусымда – 21 500, ал шілде мен тамызда 25 мың текше метрді құрады. Біз бұл көлемді толық қамтамасыз ете аламыз. Өздеріңіз білетіндей, мамыр, маусым және шілде айларында жаңбыр көп жауды. Сондықтан қажеттілік 25 мың текше метр болған жоқ – суды аз қабылдады, шамамен 14-15 мың текше метр көлемінде. Мысалы, бүгін 14 мың текше метр су қабылдадық. Өткен аптада күн ыстық болып, жаңбыр жаумаған кезде 16 мың, тіпті 16,5 мың текше метрге дейін қабылдадық. Біз 25 мың және 50 мың текше метр көлемді толық бере аламыз. Бұл – жобаның белгіленген қуаты. Бұған ешқандай кедергі жоқ», – деді ол.
Қазір зауыт мамандары су алу процесін су астында да бақылауға мүмкіндік алды. Нысанның инфрақұрылымы мен желілік жабдықтарына жауапты IT маманы Салават Құлмұханбетов шамамен бір апта бұрын пайдалануға берілген суасты дронының мүмкіндіктерін таныстырды.
Оның айтуынша, құрылғы су астындағы құбырлардың жағдайын, жарамдылығын және ластану деңгейін тексеруге, сондай-ақ HD форматында сапалы фото мен бейне түсіруге мүмкіндік береді. Дрон механикалық қолмен жабдықталған. Оның көмегімен су астындағы түрлі үлгілерді, соның ішінде балдырлар мен мұнайлы шөгінділерді жинап, кейін зертханалық талдауға жіберуге болады.
Зауыт жұмысшылары үшін еңбек етуге де, тұруға да қолайлы жағдай жасалған. Мұнда 72 орындық жатақхана, асхана және волейбол алаңы бар. Өндірістік нысандар арасында қатынау үшін шағын көлік құралдары мен қайықтар қарастырылған.
Аружан СИСЕНОВА, Маңғыстау облысы

