Caspianlife, 29 шілде. Маңғыстау облысының тұрғындары үшін өзге өңірде тұрмыс жағдайын жақсартып, кәсіп бастауға бағытталған тиімді бастама ұсынылып отыр. Қостанай облысы, Жангелдин ауданының Шилі ауылында оқушылар санының азаюына байланысты мектепті сақтап қалу мақсатында мектеп жасындағы балалары бар көпбалалы отбасылар ауылға қоныс аударуға шақырылуда, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Көшуге келісім берген отбасыларға мемлекет тарапынан жері бар тегін тұрғын үй мен 5 бас ірі қара мал беріледі. Сондай-ақ малды асырауға 2 жылға жететін шөп тегін үлестіріліп, көшу шығындары толықтай өтеледі. Бұдан бөлек, ауылға қоныстанған ерлі-зайыптылардың екеуі де тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Берілген мал 5 жылдан кейін толықтай отбасының меншігіне өтеді. Ал егер отбасы 1 жылдан кейін ауылда қалғысы келмесе, бұрынғы тұрғылықты жеріне қайта көшуіне мүмкіндік бар. Бұл туралы әлеуметтік желідегі бейнежазбасында Рүстем Ермекбаев та баяндап, басты талап – отбасыда 18 жасқа толмаған мектеп жасындағы балалардың болуы екенін атап өтті.
Ескере кететін жайт бұл бүкіл Қазақстанға арналған мемлекеттік бағдарлама емес, Қостанай облысы Жангелдин ауданы Шилі ауылының жергілікті бастамасы болып табылады. Мақсаты – ауылға халық тарту, мектепті сақтап қалу және бос жұмыс орындарын толтыру.
Байланыс үшін:
•Мекенжайы: Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Шилі ауылы, Бестау көшесі, 1.
•Шилі ауылдық округінің әкімі: Ербол Ғарифуллин Досмағанбетов
•Қабылдау телефоны: 8 (71459) 2-17-31
•Электрондық пошта: e.dosmaganbetov@kostanay.gov.kz
Жангелдин ауданының әкімдігі:
•Мекенжайы: Торғай ауылы, Алтынсарин көшесі, 4.
•Қабылдау бөлмесі: 8 (71439) 2-11-01
•Канцелярия: 8 (71439) 2-14-04

