CaspianLife, 28 шілде. Атырау облысының Махамбет ауданында түн ортасында жоғалған кішкентай қыз полицейлердің жедел әрекетінің арқасында небәрі 10 минут ішінде табылды.
Polisia.kz порталының мәліметінше, оқиға 25 шілде күні сағат 00:30 шамасында болған. Бүлдіршіннің жоғалғаны туралы хабарлама түскеннен кейін Махамбет аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Алмас Қамидоллин дереу іздестіру жұмыстарын бастаған.
Тәртіп сақшысы жақын маңдағы көшелерді, аулаларды және қоғамдық орындарды тексеріп, жедел іздеу шараларын жүргізген. Нәтижесінде бүлдіршін 10 минут ішінде аман-есен табылып, ата-анасына тапсырылған. Оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнбеген.
Полицияның хабарлауынша, мұндай жағдайларда әрбір минуттың маңызы зор. Жедел әрекет пен кәсіби тәжірибенің арқасында оқиға сәтті аяқталған.

