CaspianLife. 23 шілде. 23 шілде күні сағат 18:01-де Құрылтай сайлауы қарсаңындағы үгіт-насихат кезеңі ресми түрде басталады. Саяси науқан шамамен бір айға созылып, оған еліміздегі жеті саяси партия қатысады.
Бүгін Орталық сайлау комиссиясында (ОСК) партиялық тізімдерді тіркеу рәсімі толық аяқталады. Осыдан кейін саяси партияларға сайлауалды бағдарламаларын жариялауға, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт-насихат жүргізуге және сайлаушылармен кездесулер ұйымдастыруға рұқсат беріледі.
Құрылтайдағы 145 депутаттық мандатқа барлығы 545 кандидат үміткер ретінде тіркелген. Оның ішінде:
«Әділет» партиясынан – 186 кандидат;
«Respublica» партиясынан – 75 кандидат;
Қазақстан халық партиясынан – 72 кандидат;
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан – 69 кандидат;
«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан – 63 кандидат;
«Байтақ» жасылдар партиясынан – 47 кандидат;
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан (ЖСДП) – 33 кандидат.
Үгіт-насихат кезеңі 21 тамызға дейін жалғасады. 22 тамыз – тыныштық күні, ал 23 тамызда Құрылтай сайлауы өтеді.

