CaspianLife. 22 шілде. Қазақстан билігі Қашаған мұнай-газ кен орнының операторы – North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумының басшысына салынған экологиялық айыппұл төленбеген жағдайда қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлайды.
Инсайдерлік дереккөздердің мәліметінше, Астана бұл қадам арқылы елдегі ең ірі мұнай жобасын игеріп жатқан халықаралық инвесторларға қысымды күшейткен. Сарапшылар осы жағдайды Қазақстан үкіметі мен халықаралық мұнай алыптары арасындағы текетірестің жаңа деңгейге өтуі деп бағалап отыр.
Даудың басы 2023 жылы басталған болатын, ол кезде NCOC компаниясына күкіртті сақтау ережелерін бұзғаны үшін 2,3 триллион теңге, яғни шамамен 4,92 миллиард доллар көлемінде экологиялық айыппұл салынды. Reuters агенттігі танысқан құжаттарға сәйкес, Қазақстанның Әділет министрлігі NCOC-тың атқарушы директоры Джанкарло Руюге қойылған талаптар орындалмаған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ресми түрде ескерткен. Бұған дейін министрлік айыппұлды ерікті түрде өтеуге 20 шілдеге дейін уақыт бергенін, ендігі кезекте бұл қаражатты өсімпұлымен бірге мәжбүрлеп өндіріп алу процесіне көшетінін мәлімдеген еді.
Өз кезегінде құрамына Shell, Eni, TotalEnergies, ExxonMobil, CNPC, Inpex және «ҚазМұнайГаз» компаниялары кіретін NCOC консорциумы бұл айыппұлды мүлдем негізсіз деп санайды. Компания өкілдері іс қазіргі уақытта халықаралық арбитражда қаралып жатқандықтан, сот процесі толық аяқталмайынша бұл қаражат төленбейтінін хабарлады.

