CaspianLife. 22 шілде. Украинаның Қазақстандағы Елшісі Виктор Майко Киевтің Каспий құбыр консорциумының (КТК) инфрақұрылымы мен танкерлеріне жасалған шабуылдарға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Бул консорциум арқылы қазақстандық мұнайдың шамамен 80%-ы экспортталады. Дипломат бұл туралы Exclusive.kz сілтеме жасап, Times of Central Asia басылымына берген түсініктемесінде айтты.
Майконың сөзінше, Украина мұнай инфрақұрылымына жасалған соққыларға байланысты Қазақстанның алаңдаушылығын түсінеді, алайда шабуылдардың украин тарапынан жасалғанын дәлелдейтін айғақтар жоқ.
Сонымен бірге дипломат бұл оқиғалардың ресейлік арандатушылықтың бір бөлігі болуы мүмкін екенін де жокқа шығармады.
«Украина билігі жақында өзге де арандатушылықтардың, соның ішінде украиндық ұшқышсыз аппараттарды пайдалану арқылы жасалуы мүмкін екенін ескерткен болатын. Ресейлік радиоэлектронды күрес жүйелері украин дрондарының жұмысын бұзып, қатардан шығаруға және кейбір жағдайларда оларды бақылауға алуға қабілетті. Дәл осы себепті Ресейдің мұндай дрондарды арандатушылық ұйымдастыру және Украинаның беделін түсіру әрекеттері үшін пайдалану мүмкіндігін мұқият зерттеу қажет», – деді Майко.
Елші сондай-ақ Украина Қазақстан мен оның инфрақұрылымын әскери нысана ретінде қарастырмайтынын баса айтты.
«Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына немесе Қазақстан Республикасының басқа да экономикалық және энергетикалық нысандарына жасалған кез келген шабуыл Украинаның мүддесіне сай келмейді», – деп атап өтті дипломат.
Мәлімдеме Новороссийскідегі КТК терминалдарына келген танкерлерге ұшқышсыз аппараттардың бірнеше мәрте шабуыл жасауынан кейін айтылды. БАҚ мәліметінше, соққылар 17, 19 және 20 шілдеде орын алған. Алғашқы шабуылдардан кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Енергетика министрлігі бұл соққыларды елдің экономикалық мүдделеріне нұқсан келтіру деп атап, консорциум нысандарына шабуылды тоқтатуға шақырды, алайда бұған нақты кімнің жауапты екенін көрсетпеді. Дегенмен, ҚР СІМ мәлімдемесінен кейін КТК-да мұнай тиеп жатқан тағы бір танкерге шабуыл жасалды.
Каспий құбыр консорциумы қазақстандық мұнай экспортының негізгі бағыты болып қала береді. 2025 жылы КТК жүйесі арқылы 70 млн тонна мұнай тасымалданса, оның гедегі 63 млн тоннаға жуығы қазақстандық шикізатқа тиесілі болды.

