CaspianLife, 24 маусым. Қандыағаштағы тойда болған жаппай улану оқиғасынан кейін тергеу органдары санитариялық талаптар мен гигиеналық нормативтерді бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің жалпы саны 113 адамға жеткен. Олардың барлығы мейрамханада өткен тойға қатысқаннан кейін ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жүгінген.
Зертханалық тексеру нәтижесінде 34 адамнан сальмонеллез инфекциясы анықталды. Дәрігерлер науқастардың жағдайын орташа ауырлықтағы деп бағалап отыр.
Алғашқы улану жағдайлары 19 маусым күні тіркелген. Оқиғаның салдарын жою және себептерін анықтау үшін жедел штаб құрылып, мамандар жаппай уланудың нақты себептерін анықтау жұмыстарын жүргізуде.

