CaspianLife, 24 маусым. Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында, Ақтау қаласынан 56 шақырым жерде құтқарушылар 27 жастағы ер адамның мәйітін іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Қайғылы оқиға 21 маусым күні болған. Ер адам Каспий теңізі жағалауының жабдықталмаған аумағында суға түскен кезде батып кеткен. Іздестіру-құтқару жұмыстарына облыстық ТЖД-ның 11 қызметкері, 4 арнайы техника, 2 жүзу құралы, сүңгуірлер мен суасты дроны жұмылдырылған. Күшті дауыл құтқару жұмыстарына айтарлықтай қиындық туғызғанымен, мамандар іздеуді тоқтатпай жүргізіп жатыр.
– Құтқарушылар таңертеңнен бастап теңіздің басылуын күтті. Бүгін де іздеу жұмыстары қайта жалғасты. Алайда әзірге ер адамның мәйіті табылған жоқ, – деді Маңғыстау облыстық ТЖД ресми өкілі Ерлан Солтанмұратов.
Шомылу маусымы басталғалы бері өңірде 4 адам суға кеткен. Олардың үшеуінің мәйіті табылса, төртінші азаматты іздеу жұмыстары әлі жалғасуда.
Сонымен қатар құтқарушылар 9 адамды судан аман алып шыққан. Олардың басым бөлігі – балалар.
Мамандар тұрғындар мен туристерді тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылуға және судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

