CaspianLife, 22 маусым. 21 маусым күні Ақтөбе қаласында жылдамдығы секундына 30 метрге жеткен жойқын дауыл соқты. Табиғи апат екі көпқабатты және бес жеке тұрғын үйдің шатырын ұшырып, ағаштарды құлатты, жеңіл көліктерді аударып, қаланың бірнеше ауданын жарықсыз қалдырды. Қатты дауылдың арты шелектеп құйған нөсер жауынға ұласты.
Тек «Астана» ауданының өзінде дауыл 80-ге жуық ірі ағашты тамырымен жұлып, көшелерді, көлік жолдары мен жаяу жүргіншілер жолағын бөгеп тастаған.
«Қазіргі уақытта екі бригада күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, ауданымыздағы санитарлық тазалыққа жауапты 9 мердігер ұйым жан-жаққа ұшқан қоқыстарды жинап, шығару үстінде. Тазалық жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз жүргізілуде», — деді «Астана» ауданы әкімдігінің ТҮКШ (Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық) бөлімінің басшысы Мирас Әжібаев.
Өңірдегі қолайсыз ауа райы әлі де басылар емес. Ақтөбе қаласының іргесіндегі Ақшат және Шілісай ауылдарында тауық жұмыртқасындай ірі бұршақ жауған. Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері де аймақта жауын-шашын болып, қолайсыз ауа райы сақталады.

