Caspianlife, 11 маусым. Батыс Қазақстан облысында қайғылы оқиға болды. 9 маусым күні Жаңақазан ауылы маңында, Жаңақала ауданындағы Кіші Өзен өзенінде 2008-2009 жылы туған үш жасөспірім суға батып қаза тапты. Олардың барлығы мектеп түлектері болған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға туралы хабарлама 112 қызметіне кешкі уақытта түскен. Жастар өзен жағасында демалып жүріп, арнайы шомылуға арналмаған жерде суға түскен. Бұл аумақта ескерту белгісі орнатылғанына қарамастан олар суға кірген.
Құтқарушылар келгенге дейін қаза болғандардың денелерін жергілікті тұрғындар судан шығарып алған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда.
– Оқиға орнына БҚО ТЖД күштері мен құралдары жедел түрде жіберілді. Алайда ТЖМ бөлімшелері жеткенге дейін жергілікті тұрғындар марқұмдардың денелерін судан шығарып алған. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр, – деді БҚО ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Бақытжан Ихсанов.
Құтқарушылар тұрғындарды су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға және жабдықталмаған жерлерде шомылмауға шақырды.
Айта кетейік, бұл өңірдегі биылғы маусымдағы алғашқы қайғылы жағдай емес. Мамыр айында араға екі күн салып 11 жастағы қыз бала мен 15 жастағы жасөспірім суға батып көз жұмған болатын.

