CaspianLife, 5 маусым. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Атырау облысының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.
Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының мәліметінше, соңғы 2,5 жылда Каспий теңізіне 35 млрд текше метрден астам су жіберілген. Оның жартысына жуығы – 17 млрд текше метрден астамы 2024 жылғы ауқымды су тасқыны кезеңіне тиесілі. Ал 2026 жылдың басынан бері теңізге 6,16 млрд текше метр су бағытталған.
Министрлік жаңа Су кодексін іске асыру аясында елдегі өнеркәсіп кәсіпорындарын түгендеу жұмыстарын аяқтады. Құжатқа сәйкес, кәсіпорындар суды қайта пайдалану жүйесіне көшу бойынша бес жылдық жоспар әзірлеп, қолданыстағы жүйелерін жаңғыртуы тиіс. Қазіргі уақытта осындай 168 жоспар дайындалған. Алдағы уақытта мұндай жоспарларды Қазақстандағы барлық кәсіпорын әзірлеуі қажет.
Соңғы екі жылда су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны бес есеге артқан. Бұған дейін жыл сайын орта есеппен 30 мың гектар жерге ғана енгізілсе, 2024–2025 жылдары бұл көрсеткіш жылына 150 мың гектарға жеткен.
Атырау облысында өткен жылдың қорытындысы бойынша жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері арқылы 9,3 мың гектар жер суарылып, нәтижесінде 12,8 млн текше метр су үнемделді. Биыл су үнемдеу технологиялары қосымша тағы 800 гектар алқапқа енгізілген.
Кездесу барысында тұрғындар жаңа су қоймасын салу, жерасты су көздерін барлау, ирригацияға жұмсалатын электр энергиясын субсидиялау және каналдарды қайта жаңғырту мәселелерін көтерді. Жиын қорытындысында министр салалық департаменттердің басшыларына нақты тапсырмалар берді.

