Caspianlife, 25 мамыр. Атырау облысында 2025-2026 оқу жылы аяқталып, барлық білім беру ұйымдарында соңғы қоңырау мерекесі өтті. Биыл өңірдегі мыңдаған оқушы үшін кезекті оқу жылы қорытындыланса, 8 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты.
Облыстық білім беру саласының мәліметінше, биыл Атырау облысындағы 235 орта білім беру ұйымында 154 мыңға жуық оқушы білім алды. Оның ішінде 79 мыңнан астамы қазақ тілінде, 4 мыңнан астамы орыс тілінде, ал 56 мыңнан астамы аралас тілде оқыды.
Оқу жылын қорытындылау кезеңінде 9-сыныпты 13 906 оқушы тәмамдаса, 11-сыныпты 8 042 түлек аяқтады. Сонымен қатар 252 оқушы «Алтын белгіге», ал 445 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанып отыр.
Атыраулық оқушылар оқу жылында республикалық және халықаралық білім бәйгелерінде де жоғары нәтиже көрсетті. Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысқан 50 оқушының 28-і жүлдегер атанса, республикалық деңгейдегі түрлі байқауларға қатысқан 306 оқушының 144-і жеңімпаз болды.
Өңір құрамасы 7-8 сынып оқушыларына арналған республикалық пән олимпиадасында жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша Бас жүлдені иеленді. Сонымен қатар республикалық «Ільяс оқулары» байқауында І орын, ауыл олимпиадасында ІІ орын және «Жарқын болашақ» олимпиадасында командалық ІІ орынға қол жеткізді. Ал 9-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық олимпиадада жаратылыстану бағыты бойынша ІІІ орын иеленді.
Мамандардың айтуынша, бұл жетістіктер өңір педагогтерінің тынымсыз еңбегі мен оқушылардың білімге деген ынтасының нәтижесі.
Жазғы демалыс кезеңінде облыс бойынша 139 746 оқушыны, яғни балалардың 95 пайызын сауықтыру және демалыс шараларымен қамту жоспарланып отыр.
Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында облыста үш сауықтыру лагері жұмыс істейді. Ресейдің Железноводск қаласындағы «Қазақстан Геологі» пансионатында әлеуметтік санаттағы отбасылардан шыққан 1530 оқушы демалса, Индер ауданындағы «Жас Өркен» лагерінде 1008 бала, Махамбет ауданындағы «Арай» лагерінде 420 оқушының демалысы ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарының жанынан 847 лагерь ашылып, онда 126 мыңнан астам оқушы қамтылады. Сондай-ақ 120 шатырлы және киіз үй лагерінде 10 мыңнан астам баланың демалысы ұйымдастырылмақ. Ал 1367 оқушы еліміздің өзге өңірлеріндегі лагерьлерге жіберіледі.
Облыс әкімдігі мен білім саласы мамандары балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды өткізу жұмыстары тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.

