CaspianLife, 22 мамыр. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайға Ақтау қаласының 4А шағынауданында орналасқан «Ақбота» саябағын кешенді абаттандыру жобасы таныстырылды.
Жоба тұрғындар мен қала қонақтары үшін заманауи әрі жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған. Саябақ аумағында демалыс, спорт және мәдени уақыт өткізуге арналған инфрақұрылым жасақталады.
Жобаны қаржыландыру «NCOC» компаниясының демеушілігі есебінен жүзеге асырылады. Жалпы инвестиция көлемі – 2,5 млрд теңге. Саябақтың жалпы аумағы 107 мың шаршы метрден асады.
Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Конкурстық рәсімдер өткізілген. Қазіргі уақытта мердігер мекеме – «Оңдасын Строй» ЖШС-мен келісімшартқа қол қою жұмыстары жүргізілуде.
Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылып, автотұрақтар ұйымдастырылады. Сонымен қатар серуендеу аллеялары, тынығу аймақтары, көлеңкелік қалқалар, балалар және спорт алаңдары, скейт-парк, интерактивті аймақтар мен құрғақ субұрқақ салу жоспарланған.
Көгалдандыру жұмыстарына ерекше назар аударылып, өңір климатына бейімделген ағаштар мен бұталар отырғызылады. Сондай-ақ саябақты жыл бойы пайдалану көзделіп, қыс мезгілінде мұз айдыны мен сырғанақтар ұйымдастырылады.
Жоба таныстырылымы барысында облыс әкімі қоғамдық кеңістіктердің сапасына және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға баса мән беру қажет екенін атап өтті.
– «Ақбота» саябағы қала тұрғындары үшін жайлы демалыс орнына айналуы керек. Сондықтан абаттандыру, көгалдандыру және қауіпсіздік мәселелері жоғары деңгейде орындалуы қажет. Бұл аумақ халықтың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін заманауи қоғамдық кеңістік болуға тиіс, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жоба толық жүзеге асқан жағдайда «Ақбота» саябағы Ақтаудағы негізгі демалыс орындарының біріне айналады.

