CaspianLife, 20 мамыр. Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Лазар Элунду Ассомомен кездесу өткізгенін хабарлады.
Кездесу барысында тарихи-мәдени мұраларды ЮНЕСКО-ның халықаралық тізімдеріне енгізу мәселелері талқыланған.
Мемлекеттік кеңесшінің мәліметінше, биыл шілде айында Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында Қазақстан қатысатын екі ірі номинация қаралады.
Алғашқысы — «Маңғыстаудың жерасты мешіттері» атты ұлттық номинация. Оның аясында Бекет ата жерасты мешіті, Қараман ата жерасты мешіті, Шопан ата жерасты мешіті, Шақпақ ата жерасты мешіті және Сұлтан епе жерасты мешіті секілді тарихи нысандар ұсынылған.
Екінші номинация — «Жібек жолы: Ферғана – Сырдария дәлізі» трансұлттық жобасы. Бұл бастаманы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бірлесіп ұсынып отыр.
Жоба аясында Қазақстан тарапынан Отырар қалашығы, Сауран қалашығы, Түркістан, Сығанақ қалашығы, Жетіасар және Жанкент қалашығы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізуге ұсынылды.
Ерлан Қарин Қазақстан алдағы уақытта да ЮНЕСКО-мен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.

