CaspianLife, 17 сәуір. Бұл ақпарат Еділ өзенінің су режимі реттелетін жағдайда балықтың табиғи өндірісін қамтамасыз ету мәселелері қаралған кеңес барысында мәлім болды.
Кеңес Астрахан мемлекеттік техникалық университетінің (АМТУ) базасында өтті, оған Ресейдің Балық шаруашылығы жөніндегі федералдық агенттігінің басшысы Илья Шестаков қатысты. Жиын барысында Астрахан облысындағы балық шаруашылығы мен Еділдегі су биологиялық ресурстарының жай-күйі бүгінде ерекше назар аударуды талап ететіні атап өтілді. Ғылыми мәліметтер Каспий теңізінің тартылып бара жатқанын көрсетеді. Бұл балықтың табиғи өсіп-өну жағдайын нашарлатады. Әсіресе қаракөз (вобла) мен қаражон майшабақ (сельдь-черноспинка) жойылып кету қаупі жоғары аймақта тұр.
«Еділ-Каспий бассейні — отандық кәсіпшілік пен аквакультура үшін негізгі аймақтардың бірі. Мұндағы балық саласы — экономиканың маңызды құрамдас бөлігі. Астрахан облысы әуесқой балықшылар арасында да өте танымал. Сондықтан біздің ортақ міндетіміз — өңірдің су биологиялық ресурстарын сақтау», — деді Илья Шестаков.
Ресейдің Балық шаруашылығы жөніндегі федералдық агенттігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ғалымдар Каспий теңізіндегі ең көп таралған балық түрі — кәдімгі кильканың қоры азаюы мүмкін деп болжайды. Сондай-ақ, қоректік базаның нашарлауына байланысты жыртқыш балық түрлерінің (көксерке, шортан, жайын) азаюы ықтимал. Сонымен қатар, сыртқы жағдайларға тез бейімделетін түрлердің, мысалы, мөңке балықтың (карась) саны артады деп күтілуде.
Ресейлік ведомство басшысы браконьерліктің зияны туралы халықты белсенді түрде ақпараттандыруды тапсырды. Хабарламада климаттың өзгеруі жағдайында су ресурстарын бақылаусыз аулау жағдайды одан әрі қиындатып, кейбір түрлердің мүлдем жойылып кетуіне әкеп соғуы мүмкін екені баса айтылған.

