Caspianlife, 13 сәуір. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінде күту аймақтарының инфрақұрылым параметрлерін, жол қозғалысын ұйымдастыру тәртібін және техникалық жабдықталу деңгейін егжей-тегжейлі реттейтін құжат қаралуда.
Көлік министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, сервистік күту аймақтарын жобалау кезінде географиялық орналасуы, өткізу қабілеті, болжамды көлік ағындары, сондай-ақ жер бедері мен климаттық жағдайлар ескеріледі. Жол-коммуникациялық схемасы көліктің келу, сәйкестендіру, күту, сервис және шығу кезеңдерін бөле отырып, максималды өткізу қабілеті мен қауіпсіз маневр жасауды қамтамасыз етуі тиіс.
Сервистік күту аймақтары үш функционалды блоктан — тұрақ, коммерциялық және әкімшілік бөлімдерден тұрады. Тұрақ аймағында жүк және жеңіл көліктерді бөлек орналастыру, терминалдар мен мобильді қосымшалар арқылы тіркелетін электронды кезек жүйесін енгізу қарастырылған. Тұрақ аймағының ең аз сыйымдылығы 200 жүк көлігінен кем болмауы керек.
Коммерциялық аймақта жүргізушілер мен тасымалдаушыларға арналған сервис нысандары орналасады. Әкімшілік аймақ операторды және қажет болған жағдайда мемлекеттік органдардың бөлімшелерін орналастыруға арналған.
Техникалық жабдықтауға қатысты жеке талаптар қойылған. Сервистік аймақтар кіру мен шығуды бақылайтын автоматтандырылған жүйелермен, мемлекеттік нөмірлерді танитын және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен біріктірілетін көлікті есепке алу жүйелерімен жабдықталуы тиіс. Сондай-ақ, қауіпсіздік жүйелері, тұрақты мобильді байланыс және интернетке қолжетімділік қарастырылуы қажет. Бұл жаңашылдық сервистік күту аймақтарының сенімді жұмысын, көлік ағындарын тиімді басқаруды қамтамасыз етіп, транзиттік тасымалдар кезінде қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
«Талаптар жаңа нысандарды салу кезінде де, жұмыс істеп тұрған күту алаңдарын жаңғырту кезінде де қолданылатын болады», — деп атап өтті Көлік министрлігі.
CaspianLife ескертпесі: Атырау облысының Құрманғазы ауданында, мемлекеттік шекарада «Құрманғазы» автокөлік өткізу пункті орналасқан (көршілес жағы — Ресей Федерациясының Астрахань облысы).

