CaspianLife, 6 сәуір. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Тұрақты даму мақсаттары 4 – Сапалы білім» жобасы аясында «Асыл сөз іздесең, Абайды оқы» тақырыбында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мазмұнды дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Аталған іс-шара білім алушылардың рухани дамуына бағытталып, ұлттық мұраны заманауи тұрғыда дәріптеуді мақсат етті.
Дөңгелек үстелге университет студенттерімен қатар Түркия, Қытай, Түркіменстан, Моңғолия және Тәжікстан елдерінен келген шетелдік білім алушылар да белсенді қатысты. Іс-шараның басты ерекшелігі – Абай өлеңдерін жасанды интеллект көмегімен «сөйлетіп», оны заманауи технологиялар арқылы талқылау болды. Бұл тәсіл студенттердің қызығушылығын арттырып қана қоймай, классикалық әдебиетті жаңаша қабылдауға мүмкіндік берді.
Шетелдік студенттер Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін өз ана тілдерінде оқып, қазақ әдебиетінің жауһарларын халықаралық деңгейде насихаттауға өз үлестерін қосты. Мұндай көптілді формат іс-шараның мазмұнын байытып, мәдениетаралық байланысты нығайтты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлы ойшылдың мол мұрасын кеңінен таныту, жастардың Абай шығармашылығына деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ оларды білімге, ізденіске және рухани кемелденуге ынталандыру болды. Сонымен қатар, студенттердің ойлау қабілетін дамыту, сөйлеу мәдениетін жетілдіру және адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіру де басты назарда болды.
Кездесу барысында қатысушылар Абай шығармаларын талдай отырып, оның идеяларын қазіргі қоғамда қолдану жолдарын ұсынды. Әсіресе, ақынның адамгершілік, білімге құштарлық, еңбекқорлық және әділеттілікке қатысты ойлары кеңінен талқыланды. Қазақстандық және шетелдік студенттер арасында мазмұнды пікір алмасу өтіп, әр елдің әдеби және философиялық дәстүрлері салыстырмалы түрде қарастырылды.
Іс-шараның шарықтау сәтінде заң факультетінің студенттері ұлттық өнерді насихаттап, домбырамен күй орындап, Абай өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Бұл көрініс кештің рухани әсерін арттыра түсті.
Мұндай іс-шаралар тек білім алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастырып, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады. Шетелдік студенттермен бірлескен жұмыс өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтып, білім алушылардың кәсіби әрі рухани дамуына үлкен ықпал етеді.
Іс-шара соңында қатысушылар ұлы ақынның өсиетін еске алып: «Абайды ұмытпайық, Абайды оқиық, Абайды үлгі тұтайық!» деген ұранмен қорытындылады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
филология факультеті шет тілдері кафедрасының
аға оқытушысы Л. М. Алиярова

