Caspianlife, 31 наурыз. ҚР Туризм және спорт министрлігі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландыру жүйесін реформалау бастамасын қолға алды. Бұл шара көрсетілетін қызметтердің сапасын, қолжетімділігін және ашықтығын арттыру мақсатында жүргізілуде.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа механизм енгізілгенге дейін қаражат сметалық принцип бойынша бөлінетін. Орта есеппен бір спортшыға жұмсалатын шығын жылына шамамен 233 мың теңге болып, оқушылардың жеке қажеттіліктері мен нақты жүктемесі ескерілмейтін. Тренерлердің жалақысы бәсекеге қабілетті болмағандықтан, білікті мамандарды тарту және ұстап қалу қиынға соғатын.
2026 жылдан бастап әрбір балаға бөлінетін нормативтік қаржыландыру енгізіледі. Бір спортшыға жылдық минималды шығын 415 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Сонымен қатар, тренер-ұстаздардың біліктілігіне қосымша төлемдер арқылы жалақысы 30% өсіріледі: мысалы, категориясы мен жұмыс тәжірибесі жоқ жас тренер 150 мың теңге орнына шамамен 200 мың теңге алады.
Сондай-ақ саладағы есеп, деректерді талдау және басқару үшін біртұтас цифрлық платформа іске қосылады, бұл жүйенің тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді.
«Жаңа жүйеге көшу барлық мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін қамтитын болады, олардың қаржыландырылуы жергілікті бюджеттер есебінен және мемлекеттік тапсырыс механизмі арқылы жүргізіледі», — делінген хабарламада.
Министрлік қабылданған шаралардың мақсаты тренер мамандығының беделін арттыру, балалар мен бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ елдің тұрақты спорттық резервін қалыптастыру екенін мәлімдеді.

