CaspianLife, 19 наурыз. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 13 наурыздағы қаулысы қабылданып, арнайы экономикалық аймақтарға қатысты өзгерістер енгізілді.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) аумағы Маңғыстау облысының көлік-логистикалық әлеуетін дамыту мақсатында жалпы көлемі 569,6148 гектар болатын жер учаскелерін қосу арқылы кеңейтілді.
Олардың қатарында:
– Мұнайлы ауданының өнеркәсіптік аймағы (187 га),
– «Ерсай Каспиан Контрактор» ЖШС-нің жер учаскесі (382,6148 га) бар.
«Осылайша, АЭА-ның жалпы аумағы 10 384,1178 гектарға жетті», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, «Ақтау теңіз порты» АЭА Ақтау және Жаңаөзен қалаларының, сондай-ақ Мұнайлы, Қарақия және Түпқараған аудандарының әкімшілік-аумақтық шекаралары аумағында орналасқаны атап өтілді.
Бұдан бөлек, АЭА-ның жаңартылған аумақтық жоспары бекітілді. Оның құрамына:
– порттық аймақ – 1 038,9691 га;
– индустриялық аймақ – 7 615,1487 га;
– логистикалық аймақ – 1 730 га кіреді.
Үкімет қаулысымен 2052 жылға дейінгі жаңа мақсатты көрсеткіштер де белгіленді. Атап айтқанда, инвестициялардың жалпы көлемін 1 720 млрд теңгеге дейін ұлғайту, ал тауарлар мен қызметтер өндірісін 1 703 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ АЭА қатысушыларының саны 188-ге дейін өсіп, құрылатын жұмыс орындары 9 900-ге жетеді деп күтілуде. Өндірістегі қазақстандық қамту үлесі 83% деңгейінде сақталады.
Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

